"АЖ" мұрағатынан алынды18 ақпанда сағат 22.45-те Жылыой аудандық ТЖ басқармасы пунктіне Құлсары қаласының тұрғынынан «Лада Гранта» көлігімен Ақтөбе облысына қайтқан кісінің рухына дұға бағыштауға жолға шыққан төрт құлсарылықтың жоғалып кеткендігі туралы хабарлама түсті.
Соңғы рет олар сағат 17-де Құлсарыдан 200 шақырым жердегі Қаражар қыстағынан байланысқа шыққан. Содан кейін олармен байланыс үзілген.
ТЖД ТЖ-ның алты қызметкері мен дәрігерден құралған іздеу-құтқару тобын ұйымдастырды. Олар «ДоссорМұнайГаз» МГӨБ бөлген Toyota Hilux және «Трэкол» көліктерімен далалыққа шықты.
Жоғалған адамдарды Қызылқоға ауданының Ақсуат қыстағынан 18 шақырым жерден тапты. «Гранта» жүргізушісі жолдан адасып кеткен екен. Екі әйел Құлсарыға жеткізілді, ал ер адамдар сапарларын жалғастырды. Бүгінде олар баталарын оқып, үйлеріне оралған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ