АҚШ пен Түркия "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мен Сирия президенті Башар Асад күштеріне қарсы соғысып жатқан сириялық көтерілісшілерді дайындықтан өткізу және оларға қару беру туралы келісімге қол қойды.
Түркия сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, келісімде Сириядағы қалыпты оппозиция жасақтарын даярлықтан өткізу және әскери керек-жарақпен қамтамасыз ету жайы қарастырылған.
АҚШ әскери басшылығы "Ислам мемлекетімен" күрес аясында сириялық көтерілісшілерді Сирия аумағынан тыс жерде даярлықтан өткізу үшін 400-ден астам арнайы жасақ сарбазын жіберу жоспары барын жариялады.
Бұған дейін Вашингтон мен Анкара Сирия оппозициясына әскери көмек беруден бас тартып келген еді. Қос тарап қару-жарақ "Әл-Қаида" мен "Ислам мемлекеті" ұйымдарының содырлары қолына түсуі мүмкін деп қауіптенген.
Өз ішіндегі күрд сепаратистерімен 30 жыл бойы күресіп келе жатқан Түркия да Сириядағы күрд жасақтарынан сескенеді.
Дереккөз: Азаттық радиосы