Бауыржан ТАХАУОВ.2002 жылы паралимпиалық спортшы Бауыржан ТАХАУОВ құрған «Атырау» отырып ойнайтын волейбол командасы соңғы төрт жылда қатарынан Қазақстан чемпионы атанды және ұлттық құраманың базалық командасы (12 ойыншының 11-і – атыраулық) болып табылады.
Өткен жылы бұл ұжым Иранның Мишхед қаласында өткен Азия клубтық чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Ал ел чемпионатындағы барлық (!) матчтарды 3:0 есебімен ұтып, керемет нәтиже көрсетті.
«Атырау» командасының бас бапкері Бауыржан ТАХАУОВ– халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1998 жылғы Параазиялық ойындардың чемпионы және 2002 жылғы Параазиялық ойындардың күміс жүлдегері, ҚР көп дүркін чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
- Өткен жылы Азияның клубтық чемпионатында тек алаң иелеріне есе жіберіп, екінші болдық. Өкінішті емес. Өйткені, біз 8 дүркін паралимпиада чемпионы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионынан ұтылдық қой,- дейді Б. Тахауов.– Кореяның Инчхон қаласында өткен 2014 жылғы Параазиялық ойындарда төртінші орын алдық. Жартылай финалға дейін сенімді келіп, Қытайдан ұтылып қалдық. 3-орын үшін болған матчта Ирак құрамасымен кездестік. Бірінші партияны ұттық, алайда қарсыласты дұрыс бағаламай, қалған үш партияда жеңіліп қалдық. Финалда Иран Қытайды ұтты.
Мен өз ойыншыларым жақсы өнер көрсетті деп есептеймін. Біз Параазиялық ойындарда көптен бері жоғары нәтиже көрсеткен жоқпыз. 2002 жылғы «күмістен» кейін 6-орыннан жоғары көтерілмедік.
Алдымызда тұрған басты сынақ 2016 жылғы наурызда өтетін Құрлықаралық Әлем кубогы болмақ. Бұл - 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Паралимпиадаға жолдама сарапқа салынатын лицензиялық турнир.
Ақпан айының аяғында біз Екатеринбургте өтетін халықаралық турнирге барамыз. Сол жерде жергілікті «Родник» командасымен бірнеше жолдастық кездесу өткіземіз. «Родник» «Атырау» сияқты өз елі құрамасының базалық командасы болып есептеледі. Ал, наурыздың аяғында Азияның клубтық чемпионатына барамыз. Бір маңызды ақпарат: биылғы жылғы Қазақстанның Паралимпиадалық ойындары Атырауда өтеді.
-Қуаныш Тәжіков, Ернар Матеуов, Александр Демеуов... «Атырау» командасының осы ойыншылары жанкүйерлерге көптен таныс. Ал, ертең орындарыңызды басатын жас ойыншыларды қалай тәрбиелеп жатырсыздар?
- Мен мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына былай дегім келеді: баланы үйде ұстап отырмаңыздар. «Мүгедектердің спорттық клубы» КМК-ға алып келіңіздер. Жоғары білікті жаттықтырушылар балаңызға сәйкес келетін спорт түрін таңдап береді. Ал біздің командаға келетін болсақ, бізге аяғы зақымданған жергілікті, жергілікті емес болса да, балалар келе алады. Жақында Атырау педагогикалық колледжінде оқитын 16 жастағы Сатыбалды Тәңірбергеновті командаға алдық. Сондай-ақ, шымкенттік 24 жастағы спортшы Ерлан Битеміров «Атырау» командасының сапында жаттығуларын бастады.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттер «ЖС» мұрағатынан алынды