Фото: lifedon.com.uaАстана. 10 ақпан. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. Америка Құрама Штаты қару-жарақ жеткізуді қоса алғанда Украинадағы жанжалды шешудің барлық нұсқасын қарастыруда, деп хабарлады Орталық Азия бойынша АҚШ мемхатшысы көмекшісінің орынбасары Даниел Розенблюм.
«Мен қазір біздің барлық нұсқаны қарастырып жатқанымызды еске салайын деп едім. (...) Ол жаққа қару-жарақ жеткізу де қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі, әлі шешім қабылданған жоқ», - деді Д.Розенблюм сейсенбіде телефондық баспасөз мәслихаты барысында.
Ол АҚШ-тың ЕҚЫҰ-ның Украиндағы мониторингтік қызметін қолдайтынын еске салды, ол сондай-ақ америкалық бітімгерлерді ол елге жіберу мүмкіндігі туралы айтуға «әлі ерте» екенін атап өтті.
Д. Розенблюм АҚШ-та Украинадағы жағдайға байланысты қандай шаралар қолданылуы керектігі туралы пікір-таластар жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Ондай пікір-таластар өтіп жатыр. Себебі АҚШ - демократиялық ел және демократиялық жүйе. Бірақ мен АҚШ халқы, АҚШ конгресі, сондай-ақ АҚШ атқарушы органы Украинаның тәуелсіздігін, Украина егемендігін, сондай-ақ аумақтық тұтастығын қолдауға қатысты ешқандай қарсылық білдірмейтінін атайын деп едім», - деді ол.
Дереккөз: ҚазТАГ