Фото: Dorogoy.netАлматы қаласында жазушы Герольд Бельгер ақтық сапарға аттанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Герольд Бельгер 7 ақпанда 81 жасында қайтыс болды. Ол ауыр жағдайда инфаркттан кейін ауруханаға ауыр жағдайда түскен еді. Жазушымен қоштасу рәсімі Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында өтті. Қоштасу рәсіміне жүздеген адам қатысты.
Қоштасу рәсімінде қазақстандық қоғам қайраткерлері, Германия елшілігінің өкілдері сөз сөйледі. Олар жазуышының Қазақстандағы неміс халқының өміріне және қазақ, неміс және орыс тілдерінің дамуына қосқан үлесі туралы айтты. Жазушы Кеңсай зиратына жерленеді.
Мұның алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілі жазушы Герольд Бельгердің қайтыс болуына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. "Герольд Карловичтің Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген өмірі шынайы патриотизмнің үлгісі болып саналады. Оның шығармашылық мұрасы біздің мәдениетіміздің баға жетпес игілігіне, ал өмір жолындағы рухани ар-намыс қағидаттары әр кезеңнің ұрпақтарына жігер беретін бағыт-бағдарға айналды", – деді Қазақстан Президенті.
Герольд Бельгер 1934 жылы Ресейдің Саратов облысының Энгельс қаласында туған. 1941 жылы Еділ бойындағы этникалық неміс ретінде Қазақстанға, Солтүстік Қазақстан облысының қазақы ауылына депортацияланды. Қазақ тілін жетік меңгеріп өскен Бельгер Абай атындағы Қазақ педагогика институтының әдебиет факультетін тәмамдады. Жамбыл облысындағы орта мектептердің бірінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
1971 жылы Қазақстан жазушылар одағына мүше болды. 1992 жылдан бастап неміс тіліндегі "Феникс" альманахында бас редактордың орынбасары болып қызмет етті. 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Алматыдағы Неміс мәдени орталығын басқарды, Қазақстан немістері кеңесінің және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.
Герольд Бельгер - 53 кітаптың авторы. "Ауыл шетіндегі қарағай үй", "Даладағы шағалалар", "Алтын асу" және тағы да басқа шығармалары кең танылған. Ол сонымен бірге Майлин, Мүсірепов, Нұрпейісов шығармаларын орыс тіліне аударған. 100-ден астам кітаптың тете авторы болды.
Дереккөз: tengrinews.kz