Атырау, 4 қазан 18:15
 ашықВ Атырау +10
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

ЖКО-да қаза тапқан луганскілік инженердің ұлы көмек сұрайды

3 810 просмотра

Бұрын хабарлағанымыздай, 7 ақпан күні адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы орын алды («Атырау-Құлсары трассасындағы ЖКО-да үш адам қайтыс болды»). ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ хабарлауынша, украиндық нөмірлі минивэндегі қаза тапқан үш адам – 49 жастағы жүргізуші, 33 жастағы әйел мен 13 жасар ұл бала.

«АЖ» редакциясымен қаза тапқан жүргізуші Анатолий МАШТАКОВТЫҢ ұлы Евгений ғаламтор арқылы байланысқа шықты: «Әкем Луганскіде тұратын, ол Украинаның шығыс бөлігінде. Қазір ол жерде соғыс жүріп жатыр. Ол инженер еді және жаңа өндірісті іске қосу үшін Тәжікстанға кетіп бара жатқан. Ол қағаз, сүлгі, целлюлоза өндіретін машинаны көптеген мемлекеттерде, мәселен, Иранда, Италияда, Ресейде, Қазақстанда, Өзбекстанда іске қосатын. Әкем анасы тұратын Пятигорскіден шыққан еді. Біз оның ұшақпен ұшқанын өтінген едік, себебі, жол ұзақ, бірақ ол ақшаны анам мен бауырыма күнкөріс үшін тастап, өзі көлікпен жолға шыққан. Анам бауырым екеуі соғыс болып жатқан аймақта тұрады, ол жерде жалақы жоқ әрі күнкөріс қамы үшін нәпақа таба алмайсың, тек адам өлтіргенің үшін болмаса.

Біз әйелім екеуміз Польшада тұрамыз, Луганскіге ақша аудара алмай отырмыз, себебі, қала байланыстан үзілген, банктер жабулы. Әкем отбасының күнкөрісі үшін қолма-қол ақша тастап кетуге мәжбүр болды. Қазір біз анам мен бауырымның Құлсары қаласынан әкемнің денесін алып кетуі үшін ақша жинаудамыз. Олар төрт күн жүруі керек, бірақ жолға шығу қауіпті, себебі ол жерде атыстар тоқтамай тұр.

Біз көлікте оның қасында кімдер болғанын анықтауға тырысып жатырмыз... Әзірге олар әкемнің Қазандағы серіктесінің таныстары деген ықтималдық бар, олар Украинадағы соғыстан қашқан. Олардың туыстары бізбен әзірге байланысқа шыққан жоқ.

Өтінеміз, егер қандай да бір мәлімет немесе көмектесе алатын адамдар туралы хабарлар болса, бізге хабар беріңізші, менің электронды поштам  ievgen.smotki@gmail.com, біз әкемізді арулап қойғымыз келеді, ол өте жақсы адам еді».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

9 ақпан 2015, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.