Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Франсуа Олланд. Фото: APГермания канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Франсуа Олланд бүгін Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинге жаңа бейбіт келісім жобасын ұсынады.
Бұл жайында Украина президенті Петр Порошенко Киевте Олланд және Меркельмен кездесуден соң мәлімдеді.
Кездесуден соң президенттер бірлескен мәлімдеме жасамады. Порошенко жаңа бітім жобасы жайлы егжей-тегжейлі айтпағанымен, жоба Шығыс Украинада "қақтығысты тоқтатады деген үміт тудырады" деді.
Мұның алдында Киевте Порошенкомен кездескен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтон Украина дағдарысын дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын, бірақ Ресей танктері мен әскерінің шекараны бұзып өтіп жатқанына "көз жұма алмайтынын" айтқан.
Керридің сөзінше, АҚШ президенті Барак Обама Украинаға қорғаныс қару-жарағын беру, я бермеу мәселесін таяуда шешетінін де айтты.
Мәскеу бұған дейін АҚШ-тың Украинаға қандай да бір қару-жарақ беруін қауіпсіздігіне қатер төндіру деп қабылдайтынын ескерткен.
Дереккөз: azattyq.org