Атырау, 21 желтоқсан 15:28
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 426 просмотра

Полицейлер сайысты

Атырауда «Динамо» ДСҚ-ның 90 жылдығына арналған облыстық ІІД басқармалары мен бөлімдері арасында бильярдтан турнир өтті. 

Командалық есепте 1-орынды ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма, 2-орынды анықтау басқармасы, 3-орынды өзіндік қауіпсіздік басқармасы иеленді. Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Сембай Жапақов турнирдің үздік ойыншысы атанды. Турнирдің барлық қатысушылары кубоктар және алғыс хаттармен марапатталды.

 

*****

Болашағынан үміт күттірер бала

Шымкентте өткен 1999-2000 ж.т. үлкен жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы бір қола медальді місе тұтты.

Жүлдені 1-БЖСМ шәкірті Бекжасар Лұқпан (70 келіге дейін) қоржынға салды. Ширек финалда ол қарағандылық спортшыны оңай ұтқан болатын, алайда келесі айналымда мықты қарсыластан жеңіліп қалды. 

Облыстың аға жаттықтырушысы Ерболат ДӘУЛЕТБАЕВ:

- Бекжасар жаттықтырушылардың үмітін ақтады. Ол Геологта тұрады, бокспен екі жылдан бері шұғылданады. Өткен жылы ҚР әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовті еске алуға арналған республикалық турнирде «алтын» және КСРО спорт шебері Қамбар Аңдашевті еске алу республикалық турнирінде «күміс» жүлде алды. Аймақтық Қазақстан біріншілігінде жүлде алмаса да, жақсы өнер көрсетіп, ҚР құрамасының бас бапкері Қайрат Сейітжановтың қаламына ілікті. Ол Бекжасарды Қазақстан чемпионатына қатысушылар қатарына қосуға тапсырма берген болатын. Біз енді ҚР құрама командасына шақырады деп күтеміз. Ол - 2015 жылғы әлем чемпионатына қатысуға үміткерлердің бірі.

 

*****

Медаль жауған күн

Алматыда өткен жасөспірімдер (14-15 жас) мен кадеттер (16-17 жас) арасында муай-тайдан Қазақстан чемпионатынан облыс құрамасы олжалы оралды.  

«Алтын»: 45 келіге дейін – Дидар Жеңісов, 48 келіге дейін – Еламан Саясатов және 48 келіге дейін – Айнель Қадырова; «күміс»: 67 келіге дейін – Айдын Дайкөшиев, 45 келіге дейін – Парасат Құттыбеков, 48 келіге дейін – Абылай Құралбаев, 51 келіге дейін – Қуаныш Өтебаев және 51 келіге дейін – Диана Қадырова; «қола»: 51 келіге дейін – Айбек Ақылбеков және 54 келіге дейін – Бағытжан Нөкеев. Сонымен қатар, Е. Саятов «Ең тез аяқталған айқас», ал А. Құралбаев «Үздік техникасы үшін» арнайы сыйлықтарына ие болды.

Спортшыларды «Қайсар» спорт клубының жаттықтырушылары А.Рахман, Б.Мұхамбеталиев, Н.Әміржанов және тағы басқалар әзірледі. Спортшылар мен жаттықтырушылар дене тәрбиесі және спорт басқармасына сапарды қаржыландырғаны үшін алғыс айтады.

Суретті түсірген Н.Әміржанов

*****

29 және 30 қаңтарда Рудныйда облыстық "Бейбарыс" хоккей командасы жергілікті "Горнякпен" екі кездесу өткізді.

Бірінші кезеңде алаң иелері екі гол соқса, екінші кезеңде Кирилл Сидоренко бір шайбаға есепті қысқартты, алайда өз қақпаларына тағы екі рет гол жіберді.

Екінші кезеңнің аяғында Йохан Лоррейн бір гол соқты - 2:4. Үшінші кезеңде қонақтар үздіксіз шабуылдарға иек артқан, соңғы минутта қақпашыны 6-ншы алаңдағы ойыншыға алмастырған, бірақ өздері бос қақпаға 5-голды жіберіп алды. Қорытынды есеп – 5:2, «Горняктың» пайдасында. Екінші матчта «Бейбарыс» 1:4 есебімен жеңілді. Тур қорытындысы бойынша «Горняк» 1-орынға «секірсе»,  «Бейбарыс» «Ертіс» пен «Арланнан» 6 ұпай қалып, 4-орында келеді.

*****

Ақтауда өткен грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында атыраулық палуандар екі «қолаға» қол жеткізді. 

Бұлар -  Нұркен Дүйсенғалиев (80 келіге дейін) және Руслан Жұмабеков (85 келіге дейін). Нұркен мен Руслан ҚР болашағы бар спортшылар ретінде «ересектер» құрамасына қосылды және 6 ақпанда Таразда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады. 

Спортшыларды Валентин Тен мен Батырбек Баймұратов жаттықтырады.

*****

«Атырау» футбол командасының бас бапкері Владимир Никитенко оқу-жаттығу жиынында (ОЖЖ) көптеген жергілікті футбол шәкірттеріне өздерін көрсету мүмкіндігін беруде

«Атырау» ФК-ның баспасөз хатшысы Нұркен МЫРЗАҒАЛИЕВ хабарлағандай, қазір Түркияның Анталия курортында команда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бірінші жиында 17 жастағы қақпашы Байбек Түсіпов, 20 жастағы қорғаушы Жақсылық Халелов (суретте), 19 жастағы жартылай қорғаушы Қуаныш Қалмұратов, 18 жастағы қорғаушы Дәурен Мажитов, 19 жастағы шабуылшылар Алтынбек Сапаров, Бауыржан Қасымов және Қасымхан Нақпаев тәжірибелі ойыншылармен бірге жаттығу жасады.

Никитенконың шешімімен «Атырау» командасының негізгі құрамына үміткер ретінде  екінші ОЖЖ-ға А.Сапаров, Қ.Қалмұратов, Б.Қасымов және Д.Мажитов аттанды. Олармен бірге ОЖЖ-ға жас ойыншылар Азамат Жомартов пен Алексей Маров та қатысуда. 

Естеріңізге салсақ, ҚР чемпионатының регламенті бойынша алаңдағы әр команда құрамында кемінде бір 21 жасқа дейінгі қазақстандық ойыншы болуы керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

5 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.