Өзбекстан оппозициясы ел президенті Ислам Кәрімов комаға түскенін мәлім етті. Бұл ақпаратты бірқатар шетелдік ақпарат құралдары да «Өзбекстан халық қозғалысына» (ӨХҚ) сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды Bnews.kz.
ӨХҚ белсенділері Өзбекстан үкіметіндегі өз дереккөздеріне сүйене отырып, ел президентінің жағдайы 28 қаңтар күні бірден нашарлағанын айтады.
«Шамамен 20:30-да Ислам Кәрімов өзінің «Көксарай» резиденциясында кешкі асын ішіп отырып, бірден есінен танған. Медицина қызметкерлері жедел түрде көмек көрсетіп, резиденцияға тәжірибелі дәрігерлерді шақырған. Алайда, президент әлі күнге есін жиған жоқ», - дейді ӨХҚ өкілдері.
Оппозиционерлердің айтуынша, бейсенбі күні таңертең президент резиденциясына Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятов, үкімет басшысы Шавкат Мирзияев, министрлер кабинетінің өзге де мүшелері және президенттің туыстары шақыртылады.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан соңғы ресми деректерге сүйенсек, Ислам Кәрімов 27 қаңтар күні Оксарой резиденциясында АҚШ-тың Өзбекстандағы жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшісі Памела Спратленге сенім грамотасын тапсырған.
«Кәрімовтің осы жолғы дертіне байланысты, елдің барлық өңірінде тұрақсыздық орнауы мүмкін. Өзге елдермен салыстыратын болсақ, Өзбекстан оппозициясы қатты қысымға ұшырап, елден қуылған болатын. Уақыт өте келе, қуғындалған оппозиционерлер экстремистік топқа айналды. Алда-жалда Кәрімов орнын босатып жатса, осы экстремистік топтар елдің барлық өңірінде дүрбелең туғызуы мүмкін», - дейді өңірлердегі қауіпсіздік саласындағы маман, «Альфа-антитеррор» бірлестігінің төрағасы Артур Медетбеков.
Айта кету керек, соңғы жылдары Өзбекстан басшысының денсаулығы сыр беріп жүргені жайлы мәліметтер жиі тарап жүр. Мысалы, 2009 жылы президент екі рет комаға түсіп, сол уақыттан бері оның денсаулығы биологиялық стимуляторлардың көмегімен реттеліп келеді. Дәл осындай жағдай 2013 жылы тағы да қайталанды. Ол уақытта жергілікті басылымдар президент инфаркт алып, ахуалы тіптен нашарлағанын жазған еді. Алайда, арада біршама уақыт өткенде Кәрімов қайта аяққа тұрып, іссапармен Мәскеуге де барып қайтты.
Дереккөз: bnews.kz