№54 балабақша тәрбиешілері мен шәкірттері ескі қораптардың картоны, жабысатын түрлі-түсті қағаз, жіп пайдаланып, қалада мекен ететін қанатты достарына жемсалғыш жасады.
- Біз балаларға кішкентай кездерінен бастап табиғатқа және айналадағы жан-жануарларға қамқор болуды үйретуге тырысамыз. Міне, барлығымыз бірге құстарға жемсалғыш жасадық. Қыс мерзімі олар үшін ең ауыр, аш жүретін уақыт қой, - дейді балабақша тәрбиешісі Рабиға ФАЗЫЛОВА. – Мұны жасау үшін картонды түрлі-түсті қағазбен жапсырып, жіптен ілгіш жасасаң болады.
Жемсалғышқа салынған нан қоқымы мен дәндерді жел ұшырып әкетпес үшін балалар оның бетіне бал жақты.
- Торғайлар мен шымшықтарға арналған жемсалғышты күнде өзіміз лақтырып жатқан заттардан жасауға болады. Бұл сүт пен шырынның бос қораптары, пластик бөтелкелер болуы мүмкін. Сол қораптарға құс сыятындай тесік жасап, ішіне жем сеуіп, ағаш бұталарына бекітсеңіз жеткілікті. Сосын, әрине, күн сайын жем салып тұруды ұмытпаңыздар, - дейді педагог. – Біздің балаларымыз мұны жақсы біледі және тамақ ішкеннен кейін нан қиқымдарын тастамай, жинап алып, балабақшадан шыққанда жемсалғыштарға салып кетеді. Бұл сондай ауыр жұмыс емес. Есесіне қанатты достарымыз аязды күншуақ күндері бізді өз әндерімен қуантады. Жаныңа жылу береді...
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор