Фото: ReutersАСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық танымал кинорежиссер және продюсер Тимур Бекмамбетов «Бен-Гур» тарихи драмасының жаңа нұсқасының түсіріліміне кірісті. Бұл туралы Bazelevs кинокомпаниясының баспасөз қызметінен хабарлады, деп жазады ТАСС.
«Бен-Гур» туындысы Уильям Уайлердің аңызға айналған фильмі сияқты, Лью Уоллестің алғаш рет 1880 жылы жарияланған «Бен-Гур: Христостың оқиғасы» романының негізінде жасалды. Оның оқиғасы Палестинада Иса Пайғамбар және Рим әмірлігі кезінде өрбиді.
Т.Бекмамбетовтың айтуынша, жаңа шығарма оның түпнұсқасы - Уоллестің романына өте жақын болады. Ол сенім мен міндет, кек пен кешірім мәселелерін қозғайды.
Фильмдегі басты рөлді британдық актер Джек Хьюстон сомдайды, Исаның рөлін бразилиялық Родриго Санторо ойнайды. Картинадағы рөлдердің бірін сондай-ақ танымал американдық актер Морган Фриман орындайды.
«Бен-Гурдың» түсірілімдері Римде, сондай-ақ Рим империясының бірегей құрылыстары - император Адрианның вилласы сақталып қалған Италияның оңтүстігіндегі Матера қаласының маңында өтеді. Фильм экранға 2016 жылы шығады деп жоспарланып отыр.
Дереккөз: inform.kz