2 ақпан күні Атырауда Жеңіс саябағы маңында орналасқан қайта жаңғыртудан өткен №9 пошта бөлімі ашылды.
Тоғызыншы бөлімше Авангард халқына көп жылдардан бері қызмет көрсетіп келеді, алайда енді оның жұмысы жаңа форматта жүргізілмек. Біріншіден, жұмыс уақыты ұзарды – үзіліссіз сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін. Екіншіден, ғимарат кеңейтіліп, клиенттерге қызмет көрсету аймағы екіге бөлінді. Сол жағында «Ұлттық банктің» барлық талаптарына сәйкес жарақталған, яғни, оқ өтпейтін әйнек терезе, сөйлесу аспаптары, ақша мен құжаттар алмасатын арнайы жәшіктер орнатылған қаржылық қызмет көрсету аймағы орналасқан. Ал, кіреберістен тіке пошталық қызметтер көрсетіледі. Операторлардың да саны 2-ден 6-ға дейін көбейді. Үшіншіден, клиенттерге қызмет көрсету электронды кезек тәртібімен жүргізіледі.
- Кедергісіз бір деңгейлік қызмет көрсетуге көшу ең маңызды сәттердің бірі. Егер бұрын оператор мен клиент арасын терезелері бар үлкен қабырға бөліп тұрып, адамдар кезекке тұруға мәжбүр болса, ал қазір қызмет алушылар қызметкерлеріміз алдына тікелей келіп, бетпе-бет сөйлесе алады, - дейді «Қазпошта» АҚ Атырау филиалының директоры Ержан ОМАРОВ.
Кіреберісте тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайтын еркін қол жеткізу аймағы бар. Бұл жерде банкомат, терминалдар орналасқан және өз почтаңды тәуліктің кез келген уақытында алып кетуге мүмкіндік беретін арнайы жәшіктерді жалға алуға болады. Бұл қызмет қолы тимейтін, жұмысбасты адамдарға арналған. Қызметкерлер олардың корреспонденцияларын өздері жалға алған жәшіктерге салып кетеді. Жыл ішінде пошталық сәлемдемелерді автоматты таратуға арналған арнайы жабдықтар орнату жоспарлануда. Клиенттер телефон номерлері мен почталық хабарламада көрсетілген кодты теріп, өз сәлемдемелерін алады. Бөлім ішіне барлығы 16 бейнебақылау камералары қондырылған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор