Жыл басынан бері ІІБ халықтан ақылы түрде ұңғысыз атыс қаруын және травматикалық оқ-дәрімен ататын мүмкіндігі бар газдық қаруды қабылдауды жүргізуде. Атырау облысының 100-ден астам тұрғыны өздерінің тапаншаларын тапсырып, ол үшін сыйақы алып үлгеріпті.
Соңғы бірнеше жылда полиция тұрақты түрде «Қару» ациясын өткізді, оның барысында тұрғындардан ақылы түрде тіркелмеген атыс қарулары, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілер жинала бастады.
- Өткен жылы «Қару» акциясының барысында облыстың 199 тұрғыны 141 бірлік атыс қаруы мен оқпанды қаруға арналған 7000-нан астам оқ-дәрі тапсырған, - дейді Атырау облыстық ІІД ӘПБ-ның лицензиялау және қарудың айналымына бақылау жасау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Талғат УСИЕВ. –Тұрғындар, негізінен, аң аулауға арналған тегіс оқпанды мылтықтар тапсырды, олар мұрагерлікпен қалған және сәйкесінше тіркелмеген. Сыйақы төлемінің жалпы сомасы, шамамен, 5 млн теңгедей.
Осы арада ІІМ-де қару қолданылған қылмыстарды саралай келе олардың жартысы травматикалық тапаншалардың қолданылуымен орын алған деген қорытындыға келді. Сондықтан ҚР үкіметінің 2014 жылғы 29 қазандағы №1145 қаулысының негізінде полицейлер осы жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтан ақылы түрде ұңғысыз атыс қаруы («ОСА», «Стражник», «Лидер» тапаншалары) мен травматикалық әрекеттегі оқ ататын оқ-дәрілері бар газдық тапаншаларды жинауды бастады.
- Біздегі мәліметтер бойынша, қазіргі кезде Атырау облысында 700 адамның травматикалық және травматикалық оқ-дәрімен ату мүмкіндігі бар газдық тапаншалары бар екені анықталды. Комиссияның қорытындысы бойынша тапсырылған қарудың жағдайына байланысты азаматтарға ақшалай өтемақы төленеді, ол қарудың жағдайына байланысты нарықтағы құнының 30 пайыздан 90 пайызына дейін құрауы мүмкін,- дейді Т.Өсиев. – Жоғарыда айтылған қаруды тапсырмаған адам ҚР ҚК 287-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал, қару тәркіленетін болады.
-Бір кездері травматикалық қаруға рұқсат талап етілмейтін. Біреуде тіркелмеген тапаншаның болуы әбден мүмкін ғой. Иесі қаруды қылмыстық жауапкершіліктен қорықпай тапсыра ала ма?
- Әрине, тіркелмеген травматиканы біз қабылдай береміз. Ондай жағдайда иесі ақшалай өтемақы ала алмайды, алайда қылмыстық жауапкершілік те болмайды.
Тамара СУХОМЛИНОВА