АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні АҚШ-та 1980 жылдан бергі мұнай саласы қызметкерлерінің ең ірі ереуілі басталды. Оған тоғыз ірі мұнай өңдеу зауытының 3,8 мың қызметкері қатысуда.
Көтеріліске шыққандар жалақы көлемінің көтерілуін талап етуде. Шараны бастау шешімін Американың металлургиялық өндіріс қызметкерлерінің біріккен кәсіби одағы қабылдады. Ол 230-дан астам америкалық мұнай өңдеу зауыты мен химиялық кәсіпорындар жұмысшыларының мүддесін қорғайды, деп жазды ТАСС.
Үш жылдық ұжымдық келісімшарттың мерзімі өткен жексенбіде аяқталған. Сенбі күні кәсіподақ ұсынылған келісімшарттың бесінші нұсқасынан бас тартты.
"Мұнай компаниялары өте сараң, олар табыстарын адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігінен жоғары бағалайды", - деді кәсіподақтың вице-президенті Том Конуэй. Ереуілшілер еңбекақыны көтеру, жұмыстан тыс сағатты шектеу, және субмердігерлер тарапынан бәсекелестіктен қорғау талаптарын қоюда.
Ереуіл басталған мұнай өңдеу зауыттары Калифорния, Техас, Кентукки және Вашингтон штаттарында орналасқан. Олар LyondellBasell, Marathon Oil, Shell және Tesoro компанияларының иелігінде. Олар АҚШ-тың 10% мұнайын қайта өңдейді. Бірқатар кәсіпорында өндіріс көлемі бәсеңдеді.
БАҚ атап өткендей, жуық арада жаңа еңбек келісімшарты жасалмаса, кәсіподақтың қарамағындағы барлық 63 мұнай өңдеу зауыты қосылуы мүмкін. Олар елдегі мұнайдың 64%-ын өңдейді екен.
Сарапшылардың айтуларына қарағанда, АҚШ-тағы мұнай саласы қызметкерлерінің ереуілі әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Дереккөз: inform.kz