Украин әскери техникалары Дебальцево қаласына кетіп барады. 1 ақпан 2015 жыл.Украинаның Донецк облысындағы сепаратистер басып алуға ұмтылып жатқан Дебальцево қаласы украин әскерилерінің бақылауында тұр. Бұл жайында «112 Украина» телеарнасының эфирінен елдің шығысында арнайы операциялар жүргізіп жатқан украин әскерінің өкілі Леонид Матюхин мәлімдеді.
Дебальцево қаласы үшін ұрыс жүріп жатқанына бір аптадан асты. Украин әскерилері мен сепаратистер бір-бірін артиллериядан атқылап жатыр. Қаланы қоршауға алып, украин әскерін жойып жібермек болған сепаратистердің әрекетінен ештеңе шықпай жатыр.
«Ақпараттық қарсыласу» тобының үйлестірушісі Дмитрий Тымчуктың Facebook-те хабарлауынша, сепаратистердің Дебальцевоға жасаған кезекті шабуылы сәтсіздікке ұшыраған. Сепаратистер қалаға шабуылды тоқтатып, қираған әскери техникасын қалдырып Углегорск қаласына қарай шегінген. «Олар тактикасын өзгерттті, енді украин әскерін Дебальцево плацдармынан ығыстырып шығаруға тырысып жатыр» деп жазады Тымчук.
Қаңтардың 31-інде Украина премьер-министрі Арсений Яценюк Дебальцеводан тұрғындардың эвакуацияланып жатқанын мәлімдеген. Яценюктің сөзінше, қаладан мыңдаған адам шығарылған.
Луганск облыстық әкімдігінің басшысы Геннадий Москальдің хабарлауынша, ақпанның 2-сіне қараған түні сепаратистер Счастье, Попасная, Станица Луганская, Троицкое және Трехизбенка елді мекендерін атқылаған. Одан екі тұрғын қаза тауып, бесеуі жараланған.
Ал «Интерфакс» агенттігінің өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, украин әскерилерінің атқылауынан 11 адам қаза тауып, 42 адам жараланған.
Дереккөз: azattyq.org