Атырау, 28 қараша 03:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ескі машина есіңді кетіреді

4 246 просмотра

26 қаңтардан бастап Кедендік одақ аумағынан әкелінген көліктерді ресімдеу кезінде автокөлік құралының қауіпсіздігі туралы куәлік керек емес.

 

ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚТЫ ЕАЭО

Қазақстан аумағына КО елдерінен бұрын тұтынылған көлік құралдарын кіргізу жөнінде қызу талқылаулар жүріп жатыр. 1 қаңтардан бастап КО аясында автокөлік әкелу талаптары жеңілдетілді. Ресейден және Еуразиялық Экономикалық Одақтың (ЕАЭО) басқа елдерінен көлік әкелгенде, енді ҚҚС пен акциздік алымдар төлеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап КО Техникалық регламенті де күшіне енді, басында ЕАЭО елдерінде бұрын тіркелген (яғни, пайдаланылған машиналар) автокөлік құралдарына қатысты сәйкестілікті растау құжаты енді керек болмайды деп хабар тараған. Яғни, кез келген өзіңе ұнаған модельді еш алаңсыз – Еуро-4 экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестілігіне қарамастан әкеле беруге болады делінген болатын.

Алайда кейіннен КО техникалық регламентіне сәйкес бұрын пайдаланылған автокөліктің қауіпсіздігі техникалық қарап тексеру туралы ұлттық заңнамамен реттеледі және қозғалтқыштары Еуро-4 стандартына сәйкес келмейтін көліктерді кіргізу қазақстандық заңнамаға қайшы болғандықтан, ЕАЭО елдерінен жасалатын автомобиль импортының жаңа ережелеріне өзгерістер енгізілуі мүмкін деген ақпарат пайда болды.

ҚР инвестиция және даму министрлігі 19 қаңтарда өзінің ресми позициясын жария етті. 018/2011 «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» КО-ның техникалық регламентіне сәйкес, ЕАЭО бірыңғай аумағында айналымда жүрген бұрын тұтынылған автокөліктердің қауіпсіздік жағдайы көлік құралдарын техникалық қадағалау туралы ұлттық заңнамамен реттеледі.

ҚР «Жол қозғалысы туралы» заңының 61-бабы 5-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес берілген дөңгелекті көлік құралдарын техникалық қарап тексерудің қолданыстағы сертификаты Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін бұрын тұтынылған көлік құралдарын айналымға шығарудың және оларды уәкілетті органда тіркеудің қажетті шарты болып табылады»

ҚР ІІМ-нің «Жекеленген көлік құралдары түрлерін көлік құралдарының сәйкестендіру номері бойынша мемлекеттік тіркеу және есепке алу туралы» бұйрығымен бұрын тұтынылған көліктерді алғаш тіркеу кезінде көлік иесінен автомобиль құрылысының қауіпсіздігі туралы куәлік ұсыну талап етіледі.

«Көлікті ресімдегенде көлік құралының қауіпсіздігі, сол сияқты лақтырындылар бойынша талаптардың орындалу тексеріледі. Автомобильдің еуро 4 экологиялық класына сәйкес келмеуі көлік құралын мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз болады».

 

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ, ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Осы түсініксіз жайт мәжіліс депутаты Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВТІҢ депутаттық сауал жолдауына себеп болды. Сауалдың қысқаша мазмұны. ҚР инвестиция және даму министрлігі елге әкелінген бұрын тұтынылған көліктерді Еуро-4 нормаларына сәйкестілігіне сертификат жүргізуді талап етуде. Бұлай жасамаса, олар есепке алынбайды және Қазақстанда қолдануға тыйым салынады. Дегенмен, ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті ЕАЭО елдерінде тіркелген автокөлік құралдарына қатысты сәйкестілікті растау талап етілмейді, көлік құралы сәйкестілік сертификатынсыз тіркелуі тиіс.

- Өткен жылы сынақ хаттамасының негізінде көлік иесіне сәйкестілік сертификаты берілді. 1 қаңтардан бастап сәйкестілікті растау бойынша органдар жаңа көліктерге «Растау сияқты» құжат береді, алайда ол сериялы өндіріс үшін өзектірек. Ал бізде, Атырауда мұндай өндіріс жоқ, сондықтан да көлік иелеріне автокөлік құралының қауіпсіздігі туралы куәлік беріледі, - дейді «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» (ҰССО)  АҚ АФ сынақ орталығының меңгерушісі Күлән ҚҰЛБАЕВА.

Жаңа жылдың алғашқы 20 күнінде 104 куәлік берілген екен, бірақ барлығына жуығы – жаңа көліктер. Жұмыс көлемінің осылай көп болуын мамандар өткен жылдың аяғында Ресейден ағылып келген автокөліктермен байланыстырады. Араларында ұсталғандары да болды, алайда олар Еуро-4 стандартына сәйкес келеді екен. Сондықтан да экологиялық қауіпсіздік бойынша сынақтардан өте алмағандар не істейді деген сауалға Атырау филиалы өкілдері жауап бере алмады. Қалай болғанда да, олардың жұмысы құжат беру, ал ол көлік иесіне не үшін керек – олар үшін маңызды емес.

 

ЖАУАП КЕЛДІ

Бұрын бұл құжат көлік құралын мемлекеттік тіркеу үшін қажет. Облысымызда КО елдерінен әкелінген автокөліктердің қалай ресімделіп жатқаны жөнінде ІІД ЖПБ ТЕБ бастығының міндетін атқарушы Арман АЯЗҒАЛИЕВ әңгімелеп берді. Оның айтуынша, автокөлікті есепке қоярда ТЕБ мамандары ҚР-ның «Жол жүрісі туралы» заңын және №862 «Көлік құралдарын тіркеу туралы» бұйрықты негізге алады. Бұйрықтың 16-тармағында көлік иесі тіркеу әрекеттерін жасау үшін ІІД ӘПБ-ге өтініш жазып, жеке төлқұжатын, мекенжай анықтамасын, көлік салығы төленгені туралы құжаттарды ұсынуы керек. Ал осы аптаның басында ТЕБ қызметкерлері министрліктен түсіндірме хат алды. Келген нұсқауға сәйкес, КО елдерінен әкелінген бұрын пайдаланылған автоны тіркегенде автокөліктің қауіпсіздігі туралы куәлік талап етілмейді. Жаңа көліктер зауыттан берілген «Көлік құралының түрін растау» сертификатына ие болу керек. 

Жыл басынан бері облыста Ресейден әкелінген 424 жаңа автокөлік құралы ешқандай қиындықсыз тіркелді.

Ал бұрын пайдаланылған 200-ден аса көлік өз кезегін әлі күтуде. Алайда бұл жерде мәселе тек Еуро-4 стандартында емес болып тұр:

- Біздің қолымызда министрліктен 16 қаңтарда келген нұсқау бар,  онда КО-ға қатысушы елдер аумағынан Қазақстанға заңсыз көлік құралдарын әкелуге жол бермеу мақсатында алғашқы тіркеуді сұраныс жіберіп, есептен шығарылғандығы және тіркеу құжаттарын беру фактілерін растайтын жауап келгеннен кейін ғана ресімделсін деп айтылған. Жыл басынан бері біз Ресейге 200 сұраныс жібердік, алайда әлі бірде-бір жауап келмеді.

А. Аязғалиевтің пікірінше, Ресейдегі дәстүрлі ұзақ жаңажылдық «каникулдармен» байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, мұндай жағдай бүкіл республика бойынша байқалып отыр.

Міне, бұл жағдай бір-екі күн турасында шешімін тапты. Дүйсенбіден бастап ТЕБ қызметкерлері ІІД нұсқауы бойынша автокөліктерді өз сұраныстарына жауап келуін күтпестен ресімдейтін болады.

- Егер кейін кенеттен заңсыз әкелінген көлік екені анықталса, заңнамаларға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады,- деп түсіндірді А. Аязғалиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 қаңтар 2015, 10:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.