"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі фотосурет.Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде медицинадағы мәселелер сөз болған дөңгелек үстел өтті.
Басты тақырыптардың бірі халық арасында көп сынға іліккен ауруханаға жатқызу бюро порталының жұмысы әңгімеге өзек болды.
Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігерінің м.а. Сайын ШОМИРОВ науқастардың аурухананың ауруларды қабылдау бөліміне өздері тікелей келіп, жеткілікті негіздерсіз ауруханаға жатқызуын талап ететін жағдайлардың жиі кездесетінін айтады.
- Бекітілген ереже бойынша олар бізге жедел жәрдем көлігімен немесе дәрігердің жолдамасымен және медициналық тексеруден өтіп келулері керек,- дейді С.Шомиров. - Жедел жәрдем көлігімен келген науқастардың да көрсеткіштері кейде ауруханаға жатқызуға сәйкес болмай жатады. Бізге күніне 100-120 науқас келіп қаралса, солардың жартысы ғана медициналық көрсеткіштері бойынша ауруханаға жатқызылады екен.
Ал, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерболат УАЙСОВ былтыр Атырау облысында тендер (наурызда емес, мамырда) кешігіп өткізілуі себепті тиісті санаттағы емделушілердің жарты жыл бойы тегін дәрі-дәрмекті ала алмағандарын айтты.
Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВ түсіп жатқан арыз-шағымдар көбіне-көп медициналық қызметтің сапасыздығына, сондай-ақ, қызметкерлердің дөрекілігі мен салғырттығына қатысты түсетінін айтады.
№7 қалалық емхананың бас дәрігері Ғазиз ЕСҚАЛИболса, біздің өңіріміздегі денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың төмендігіне тоқталды.
- Тегін дәрі-дәрмекке қаржыны көршілес Оралда бізден үш есе көбірек бөледі. Біздер мұнайлы астана бола тұрып осындай мәселелерді шеше алмаймыз. Мен осыған таңғаламын. Біздің мәслихатта отырған депутаттарымыз не бітіріп отыр?
Айнұр САПАРОВА