Еуразиялық банктен жұмыстан шығып қалған ресейлік қыз Татьяна Бурнакина қазақстандықтардан кешірім сұрады. Newslab.ru сайтында шыққан даулы мақалаға ол пікір ретінде былай жазды:
"Құрметті оқырмандар! Орынды пікір жазғандарға алғыс айтамын. Өкінішке орай, тұрған елімде мен тап болған деректерді көрсету арқылы елдің ерекшеліктерін айтуым дұрыс түсіндірілмеді, кейбір жағдайларда қасақана солай жасалды. Бұл мақала "ұнату ұнатпау" мақаласы емес. Мен кездескен, өмір сүрген және жұмыс істеген ерекшеліктерге баға бермедім. Бағаны қазақстандықтардың өздері бергені және өте жағымсыз мәнде бергені өкінішті.
Мен Қазақстанға келген барлық адамның неге ұрынатыны туралы жаздым. Мен байқаған ерекшеліктер тиіп кетіп, ренжіп қалғандардан кешірім сұраймын. Аты Ай-дан басталатын қыздардан арнайы кешірім сұраймын, олардың Эппл өнімімен еш қатысы жоқ. Бұл шет тілін меңгерудің әдісі сияқты оларды еске сақтаудың тәсілі болды және жақсы көмектесті. Мақаланың бұрмаланған мәнде қолданыла беруі себепті, (әдейі де шығар, бірақ бұл жағдайды өзгертпейді) ашулы пікірлерді тоқтату мақсатында редакциядан оны өшіруді сұраймын".
Еске сала кетейік, 16 қаңтарда Newslab.ru порталында Красноярск қаласында туған Татьяна Бурнакинаның сұхбаты жарияланды. Сұхбатта ол Қазақстан жайлы, елдегі жұмысының ерекшеліктері туралы айтып берді. Әлеуметтік желілерде бұл сұхбат сан алуан пікір тудырды - қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды: біреулер Бурнакинаның артық сөз айтқанын, ал екіншілері оның сөзінде шындық бар екенін жазды.
Оның сұхбатында қазақ аттарын жаттау әдісіне байланысты көптеген пікірлер жазылды. Сұхбатта ол қазақ аттары жайлы былай деген еді: "Менің есте сақтау қабілетім өте жақсы, бірақ бұл менің қызметкерлеріме жақпайды. Ал мұнда - Айгерім, Айтолқын, Айгүл, Айнұр, Жанар, Әлішер, Айдын, Талғат, ең қызығы Қырмызы. Тектері мен фамилияларын тіпті жаттауға құлықсыз болдым. Ешқандай ассоциация жоқ, адам өзін таныстырады, бір секундтан кейін оның атын ұмытып қаламын. Неге екенін білмеймін, Асель мен Меруерт қана туғанымдай болды. Маған француз бастығым көмекке келді. "Татьяна, бәрі де оңай!", - деді ол. "Еске сақтаңыз - Айфон, Айпад, Айгерім, Айгүл және келесі". Бұл көмектесті. Бірақ тектерін мен әлі күнге дейін білмеймін. Тек қана атын айтатын шетелдік адамның ролін ойнап жүрмін".
17 қаңтарда Еуразиялық банктің басшылығы орта деңгейдегі жетекші Татьяна Бурнакинаның шетелдік интернет-басылымына берген сұхбатын "келісілмеген" деп атап, осыған байланысты Бурнакина ханыммен банк басшылығының еңбек қатынасын үзуі туралы шешім шығарғаны хабарланды. Банк өкілдері бұл сұхбаттың Бурнакинаның жеке көзқарасын білдіретінін де атап өтті. Банктің басшылығы мен қызметкерлерінің оның пікірін қолдамайтыны және мұндай пікір айтуды өрескел деп санайтыны да айтылды.
Дереккөз: tengrinews.kz