Атырау, 28 қараша 01:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Бюрократтар рейтингі

2 692 просмотра

Асылбек ЖӘКИЕВ.Асылбек ЖӘКИЕВ.Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы бизнестің дамуына кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың жылдық рейтингісін жариялады.

УӘДЕНІ ТӨРТ ЖЫЛ КҮТЕДІ

Палата директоры Асылбек ЖӘКИЕВТІҢ айтуынша, нәтижелер 2014 жылы кәсіпкерлерден түскен шағымдардың негізінде және «Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» ҚБ қоғамдық бірлестігінің нәтижелері бойынша жасалған.

Мемлекеттік органдардың бизнеспен өзара қарым-қатынасы бойынша жасалған рейтинг үш «номинациядан» тұрады: бизнестің дамуына анағұрлым көп кедергі жасайтындар; әрекетсіз мемлекеттік органдар, яғни, кәсіпкерлердің сауалдарына палата жауап ала алмаған органдар және палатамен жемісті еңбек еткендер.

Бірінші номинацияға, палатаның пікірінше, бизнесті тежеген қалалық сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдері кірген. Кәсіпкерлердің 100 шағымының 60-ы дәл осы органдармен байланысты. Бұдан басқа, сауалға жауап берген 684 бизнесменнің 60 пайыздан астамы осы органдарға қатысты шағымданды. Атап айтқанда, жер телімін ұсыну немесе мақсатын өзгерту туралы өтініштің ұзақ қаралуы байқалған.

Жәкиев атап өткендей, кейде заң бойынша әрі кеткенде 2 айда қаралатын өтінішті қарау мерзімі 2 жылға дейін жеткен. Кәсіпкерлер жерге орналастыру жобасын әзірлеу қызметінің құны да заңда қарастырылған нормадан 3-4 есе жоғары екенін айтады.

Қала құрылысы саласында бизнесмендер нобай жобасын бекітудің ұзаққа созылып, 4 жылға дейін жететіндігіне, лицензия беру кезінде және нысандарды іске қосуда себепсіз бас тартылатындығына шағымданды.

Талдау барысында бірқатар объективті факторлар, соның ішінде сәулет және жер қатынастары бөлімдеріндегі қызметкерлердің аздығы, жалақының аздығынан кадрлардың тұрақтамауы, тұрғындарға қызмет көрсету үшін бейімделген орынжайдың жоқтығы айқындалды. Кейде нашар әзірленгендіктен де жоба қаралмай қалады.

- Біз облыстық әкімдікпен Атыраудан және аудандардан кәсіпкерлерге құжаттар пакетін дұрыс ресімдеуге кеңес беретін қызмет көрсету орталықтарын ашу жөнінде келіссөздер жүргізудеміз. Сонымен қатар әкімдіктен жер қатынастарын, қала құрылысы мен сәулет саласын реттейтін мемлекеттік органдарды, БТИ-ды бір ғимаратқа шоғырландыруды өтінеміз, - дейді Жәкиев.

 

ГАЗШІЛЕРГЕ СҰРАҚТАР

«Әрекетсіз» мемлекеттік органдар тізіміне облыстық монополияға қарсы инспекция және табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің департаменті ілікті. Осы органдарға жолданған палатаның сауалдары жауапсыз қалған, Жәкиевтің айтуынша, кәсіпкерлердің проблемаларын тікелей монополистермен шешуге тура келген.

Айтпақшы, шағын және орта бизнеске арналған электр энергиясы үшін алдын ала 100 пайыз төлеу жойылғаннан кейін палата «Қазтрансгазаймақ» АҚ АФ-мен кәсіпкерлер үшін өзекті бірқатар позициялар бойынша келіссөздер жүргізуде. Атап айтқанда, кем алғаны/артық алғаны үшін айыппұл санкциясын жою, газбен жабдықтау төлемін алдын ала 100 пайыз төлеуді жою және нақты тұтынғаны үшін төлемақы төлеу, сонымен қатар  шағын бизнес пен жеке тұлғаларға арналған бірыңғай тарифтерді белгілеу туралы.

«Жағымды» номинацияға – жалғыз ғана облыстық мемлекетік кірістер департаменті (бұрынғы салық департаменті) іліккен. Мұнда барлық өтінімдер дер кезінде және кәсіпкерлер пайдасына шешіліп отырған.

Алдағы уақытта да палата жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың кәсіпкерлермен өзара қарым-қатынасы рейтингін жасақтап, жариялап отыруға уәде берді.

- Бизнесті тексеруге мораторий аяқталды, біздің рейтингімізде номинанттар тізімі әжептәуір толығатын шығар, - деп сөзін түйіндеді Жәкиев.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

12 қаңтар 2015, 11:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.