Фото: ru.rfi.frАлматы. 12 қаңтар. Францияда жексенбі күні терракті құрбандарын еске алу және демократиялық құндылықтар мен сөз бостандығын қорғауға арналған шеруге 3,7 млн-нан астам адам қатысты, деп хабарлады ТАСС.
Франция ІІМ жексенбідегі акцияны ел тарихында «бұрын-соңды болмаған» акция деп атады. Ведомство мәліметтерінше, бүкіл елде 3,7 млн-дай адам террористердің құрбандарымен ынтымақтастығының белгісі ретінде көшелерге шықты. Франциядағы бір қала да осы қайғылы оқиғаға бейтарап қарай алмады. Ірі акциялар Лионда өтті, онда құрбандарды еске алуға 300 мың адам жиналды. Бордо (140 мың) мен Марсельде (60 мың) акциялар өтті. Француздардың 200 мыңнан асатын халқы бар Ренн қаласында наразылық акциясына әр екінші тұрғын шықты (барлығы 115 мың адам).
Франция астанасында республика президенті Франсуа Олландтың шеруге қатысу туралы үндеуіне, ұйымдастырушылардың есептеуінше, кем дегенде 1,5 млн адам қатысты. Париж уақытымен 15.00 сағатта басталған шерудің басында алғашқылар болып, қаза болғандардың отбасылары жүрді. Олар террорлық акті кезінде қаза тапқан Charlie Hebdo апталығының журналистерінің туыстары, полиция офицерлері мен еврейлердің адал тағамдар сататын кошерлі дүкенінде террористер өлтіргендардің туыстары болды.
Шеруге ел президенті Франсуа Олланд, оның алдындағы Франция президенті Николя Саркози, іс басындағы үкімет мүшелері мен бұрынғы премьер-министрі, сондай-ақ көзқарастары мен идеологиялық ұстанымдарының әр келкілігіне қарамастан Францияның барлық саяси партиялары қатысты.
Париждіктермен бірге шеруге шетелдік делегациялар, оның ішінде Ресей сыртқы істер министрі, Белгия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Испания үкімет басшылары мен 50-ге жуық делегация башылары қатысты. Франция президентінің демократиялық құндылықтарды қорғау туралы шеруге шақырған үндеуін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Палестина үкіметінің президенті Махмуд Аббас қабылдады.
АҚШ-тан әділет министрі Эрик Холдер қатысты. Ол 18 ақпанда Вашингтонда қауіпсіздік жөніндегі саммит өтетінін оған АҚШ пен оның одақтастары қатысатынын мәлім етті.
«Біз біздің одақтастарымыздың барлығын бірге жинап, осынау бүкіл әлемді шарлаған қатал экстремизмге қарсы тұру шараларын талқылаймыз», - деді АҚШ әділет министрі.
Өз кезегінде Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмерон терроризм мен ислам экстремизмінің проблемасы «қысқа мерзімде шешіле қоймайды» деп мәлім етті.
«Терроризм қаупі көп жыл бұрын туындаған және оны жоюға да көп жылдар кетеді. Осы проблемамен күреске барлық елдер мен жауапты органдар өз үлестерін қосқаны өте маңызды. Өйтпеген жағдайда ол проблеманы шешу мүмкін емес. Тек бірге ғана біз ол проблеманы шеше аламыз», - деді премьер.
Чехия сыртқы істер министрі Лубомир Заоралек атап өткендей, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы еуропалықтар үшін алыстағы елес емес, Еуропадағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіріп тұр.
Париждегі шеру алдында еуропалық мемлекеттердің терризммен күрес мәселелері бойынша ішкі істер министрлерінің кеңесі өтті. Оның қорытындысы бойынша бірлескен декларация қабылданды. Еуропа ІІМ басшылары ЕО сыртқы шекарасы мен интернет кеңістікті бақылауды күшейтуге шақырды.
«Бүгінгі кездесуге қатысушылар тыйым салынған контенттерді, әсіресе террорлық әрекеттер мен қорлық-зомбылыққа үндейтін контенттерді дер кезінде алап тастап отыру үшін интернет байланыс операторларының арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды. Біз Еуропалық комиссия осы бағытта тиісті қадамдар қабылдайды деп ойлаймыз», - деді Париждегі кеңес қорытындысында Франция ІІМ басшысы Бернар Казнев.
Сондай-ақ ІІМ ЕО елдерінің әуежайларының арасында жолаушылардың қозғалысы туралы ақпараттар алмасу жүйесін қалпына келтіру «шұғыл қажет» екенін айтты.
Еске сала кетейік, сатирикалық апталық Charlie Hebdo-ға қарулы шабуыл Парижде 7 қаңтар күні таңертең жасалды. Атыс нәтижесінде 12 адам қаза тапты, соның ішінде басылымның 10 қызметкері мен ғимаратты күзеткен екі полицей. Тағы 11 адам жарақат алды. Қылмыскерлер оқиға орнынан бой тасалап үлгерді. Бұл құрбандар саны бойынша Франциядағы соңғы жарты ғасырдағы ірі теракті болды.
Франция ІІМ мәліметтерінше, шабулдаушылар үшеу болған. Олардың біреуі сол күні полицияға берілді. Қалған екеуі - ағайынды Шериф пен Саид Куашилерге іздеу жарияланды және шабуыл жасағаннан екі күн өткен соң, 9 қаңтарда Париждің солтүстігінде, 60 км жерден табылып, арнайы жүргізген операция барысында көздері жойылды.
Басты күдіктілер ағайынды Шериф пен Саид Куашилер болып табылады. Қылмыскерлердің тастап кеткен көліктерінен олардың бірінің пластикалық сәйкестендіргіш картасы табылғаннан кейін полиция оларға іздеу салған болатын. Полиция дереккөздерінің мәліметтеріне сай, ағайынды Куашилердің кенжесі – қазір 32 жасар Шериф әділ сотқа бұрыннан белгілі. 2008 жылы ол «Аль-Қаида» халықаралық террористік желісінің ирактық филиалына исламистерді тартқаны үшін үш жылға абақтыға кесілген. Ол сондай-ақ Францияда өмірлік қамауда отырған және қашуды жос парлаған алжирлік экстремистер тобына қатысушы Әли Белькасемге көмек берді деп күдіктелген.
Ағайынды Куашилерді жою бойынша жүргізілген арнайы операциямен қатар 9 қаңтарда француз күш құрылымдары Париж орталығындағы Венесен қақпасының маңындағы кошерлі дүкен ғимаратына шабуыл жасады. Онда 32 жасар исламшыл Амеди Кулибали кепілге дүкенге келген адамдарды тұтқындаған болатын. Арнайы күш құрылымдарының әрекеті нәтижесінде оның көзі жойылды. Штурм басталар алдында BFM телеарнасына берген сұхбатында терроршы «Ислам мемлекеті» тобының мүшесі болып табылатынын мәлімдеді. Ол төрт адамның өмірін қиды.
Өткен жұмада таратқан бейнежазуда «Араб түбегіндегі Аль-Каида» тобының мүшелері Францияға жаңа акциялар жасалады деп сес көрсетті. «Ислам мемлекеті» имамдарының басшысы» лауазымындағы Шейх Абу Саад аль-Ансари, қарулы шабуыл акциясын осы террорлық топпен күреске қатысып жатқан «барша халықаралық коалиция елдеріне жолдау» деп атады. Ұлттық арнайы қызмет басшыларының бағалауынша Бесінші республика «теңдессіз террорлық қауіпке» ұшырап отыр және «деректерді талдап және одан сабақ алулары тиісті».
Дереккөз: ҚазТАГ