Индонезияның әскери-теңіз күштері сүңгуірлерінің жасағы апатқа ұшыраған AirAsia компаниясы ұшағының бортындағы мәліметтерді өздігінен жазып отыратын құралды судан алып шығу әрекеттеріне кірісті. Өткізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде «қара жәшіктің» Ява теңізінің түбінде жатқаны анықталды, алайда оны алып шығуға әуе кемесінің ірі бөлігінің басып қалуы кедергі болуда.
Бұған дейін хабарланғандай, сүңгуірлер «қара жәшікті» ұшақ корпусының астынан алып шығуға тырысады, егер бұл әрекеттері нәтижесіз болса, мамандар фюзеляж бөлігін әуе баллондарының көмегімен көтеруге кіріседі.
Құралдағы жазбалардың мағынасын ашуға екі аптадай уақыт кетуі мүмкін, ал алдын ала мәліметтерді оның корпусы қатты зақымданбаған жағдайда екі күннен кейін алуға болады.
Сонымен бірге, дәл қандай құрал туралы әңгіме болып отырғаны да әзірге белгісіз: ұшақта екі түрлі «қара жәшік» орналасқан - оның бірі экипаждың сөздерін жазуға, ал екіншісі ұшақ пен оның ұшуының барлық параметрлерін тіркеуге арналған, деп хабарлайды ТАСС.
Дереккөз: ҚазАқпарат