Атыраудағы айырбастау қосындарында АҚШ доллары мен кез келген шетелдік валютаны жаппай сатып алуда. Долларларды сату көлемі жекелеген айырбастау қосындарында күніне 1 млн доллардан асады. Кейбір банктер шетелдік валютаны сату көлемі 3-4 есеге артқанын атап отыр.
Бүгін, 19 желтоқсанда біз қаланың айырбастау қосындарын аралап, саттықта доллардың бар-жоғын анықтамақ болдық. Махамбет көшесінің бойындағы "Зеленый медведь" қосынында долларды "Сату" бағанасында көшеге ілінген таблода нөлдер жазылып тұр. Айырбастау қосынының өзінде халық лық толы. Кассаға өту мүмкін емес, өйткені темір торлы есік тарс жабық, бірақ кезектегілер доллардың бар екенін айтты. Сол кезде кассирдің есігі ашылып, бір әйел шықты. Мен одан қанша сатып ала алғанын сұрағанымда, бір клиентке 1000 доллардан артық сатпайтындығын айтты.
Махамбет-Гурьевский көшелерінің қиылысындағы таблода "Сату" бағанасы нөлдіктермен жыпылықтап тұрды. Қосынның іші бос екен. Маған осы айырбастау қосынының - "Барс Айырбастау" ЖШС директоры - Әділет КАЖИДЕРОВПЕН сөйлесудің сәті түсті. Ол былай деді:
- Қазір доллар жоқ. Айырбастау қосыны таңғы сағат 9-да ашылады, бір сағаттың ішінде доллар мен еуроны сол мезет талап әкетеді. Екі-үш күн бойына күнде осылай.
Екінші деңгейлі банктердің үш айырбастау қосынының екеуінде саттықта доллар болмады.
"Қазкоммерцбанк" Атырау филиалы бас есепшісінің орынбасары Гүлсім ОЖАЕВА:
- Бізде доллар бар, рас, халық өте көп, бірақ ешкімге шектеу қоймай, сатып жатырмыз. Ал рубльге қатысты проблемалар орын алды. Бүгінде нығайды, сондықтан еуроны, ағылшын фунтын, долларды сатып жатырмыз. Халық бәрін сатып алып жатыр. Кейде бір валюта таусылып қалса, қандай да болмасын валюта бар ма деп сұрайды. Дүйсенбіде, бас кеңседен шетелдік валюта күтіп отырмыз, әрі кеткенде Ұлттық банктен нығаямыз. Алматы мен басқа өңірлерде қалыпты, ал бізде 13 желтоқсанда дүрбелең басталды. 5, 10-нан, кейде 20-30 мың доллардан сатып алады. Сұраныс бар, саттық 3-4 есеге көбейді. Тиісінше, бас кеңседен әкелінетін көлем артты. Долларды 184 теңгеден сатып жатырмыз. Рубльдер бойынша да сұраныс көп, бірақ біз ешкімге шектеу қойып жатқан жоқпыз. Клиент қандай көлем сұраса, сонша сатамыз.
"АТФ Банк" Атырау филиалының директоры Теміржан ЖАХАМБЕТОВ:
- Бізде доллар бар. Иә, кезектер, дүрбелең сезіледі. Бірақ бұл Жаңа жыл қарсаңына байланысты деп ойлаймын. Соңғы бірер аптада дүрлікпе сұраныс басталды. Саттық көлемі көбейді, негізінен доллар мен Ресей рубліне сұраныс көп. Шамасы, Ресей Федерациясындағы жағдайға байланысты шығар. Кейбір шекаралық өңірлерде де осындай дүрбелең белең алған. Қазір доллар бар, шектеусіз сатылуда.
"Еуразиялық банк" Атырау филиалы директорының негізгі қызмет жөніндегі орынбасары Амангелді ӨТЕШЕВ:
- Бізде кеше доллар болған, халық көп болды, кейбір бөлімшелерге үлестіріп үлгермедік, бәрі сатылып кетті.
- Ал бүгін?
- Бізде белгілі бір лимит бар, бірақ бұл салымшыларға арналған. Олар үшін сақтаймыз, ал айырбастау нүктелерінде доллар жоқ. Дүйсенбі күні болады. Бас кеңседен сұрайтын белгілі бір лимит бар, бірақ олар тез бітеді. Доллары бар барлық банктерде олардың тез сатылып кеткенін көретін шығар. Біздің облыс Ресеймен шектесіп жатыр, бұл да рөл атқаратын болар.
- Ал ресейлік азаматтар бізден доллар сатып ала ма?
- Ештеңе айта алмаймын, қалай болғанда да біз жеке басын анықтайтын құжат сұраймыз. Ал олардың ішінде Ресей азаматтары қанша екенін айта алмаймын. Соңғы ай ішінде шетелдік валютаны сату бір жарым есеге көбейді, бұл анық.
- Долларды қандай бағам бойынша сатып жатырсыздар?
- Кеше 184,65 теңгеден, бүгін - 184,4. Бағам бойынша бүкіл мәліметтер бас банктен түседі.
Ахуалға Ұлттық банк Атырау филиалының валюта операцияларына бақылау жасау бөлімінің жетекші маманы Алтынгүл МОЛДАШЕВА былай деп комментарий берді:
- Біз үнемі мониторинг жүргіземіз. Валюта жер-жерде бар, өйткені екінші деңгейлі банктер бас банктермен нығаюда. Халық соңғы кездері шетелдік валютаны белсенді түрде сатып алуда. Бізге валютамен нығаю мәселесі бойынша екінші деңгейлі банктерден үнемі қоңырау түсіп тұрады. Сондықтан банктердің барлығында доллар бар.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор