Алты жыл бұрын қала маңындағы Құрсай поселкесінде орталық Құрманғазы көшесі асфальтталды. Тұрғындар жол салынғалы бері проблемалар басталғанын айтып отыр.
Құрманғазы көшесі АМӨЗ маңындағы Говоров көшесімен жалғасып, Балықшы поселкесіне шығады. Атырауда теміржол өткелі жөндеуге жабылған кезде көлік ағынының көп бөлігі осы көше бойымен жүрді. Қазір де көлік ағыны көп, өйткені, жүргізушілер Балықшыдан Дамбыға дейін осы қысқа жолмен баруды жөн көреді.
– Оған қоса қазір біздің көшеміз – қаладағы «шумахерлердің» түнгі жарыс өткізетін жеріне айналды, - дейді Елемес есімді Құрсай тұрғыны. – Бұл жерде күн сайын апат болып жатады. Құдайға шүкір, әзірге құрбан болғандар жоқ.
Жергілікті көрнекі орын: Құрсайдағы көшелердің қиылысқан жері тік бұрышталып асфальтталған. Алайда Құрылыс нормалары мен ережелері бойынша көшелердің барлық қиылыстары сәйкесті дөңгелектеу радиусы бойынша асфальтталуы тиіс. Өйткені, қозғалып бара жатқан бірде-бір машина 90 градус бұрышпен бұрыла алмайды. Міне, сондықтан да Құрманғазы көшесімен жүретін жүргізушілер қарсы келе жатқан машинамен соқтығысып қалмас үшін жырамен жүруге мәжбүр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ