АМУ-дің «Жайық» ДСК-нде үстел теннисінен халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызия және Қазақстаннан (Атырау мен Қостанай) теннисшілер командасы қатысты. Сайыс қорытындысында барлық жүлделі орындар ресейлік спортшылардың қанжығасында кетті. Атыраулық ойыншылар Владислав Тен, Айбек Қайыралиев, Иван Усачев, Орынбек Нұржанов, Артем Канцев және Андрей Быков алдын ала айналымнан да өте алмай қалды.
***
«Атырау» ДСК-нде 1998 ж.т. жасөспірімдер арасында баскетболдан ҚР чемпионатының ақтық туры өтті.
Шу қаласында сәуір айында өткен 1-турдан кейін облыс құрамасы турнир кестесінде Оңтүстік Қазақстан құрамасынан кейін екінші орында тұрған. Плей-оффқа шығар жолда «Атырау» Ақтөбе, Байқоңыр, Көкшетау және Қостанайдан келген құрдастарын жеңді. Плей-оффқа шыққан аға жаттықтырушы Амантай Торғаевтың шәкірттері жартылай финалда ақтөбеліктерді ұтып, финалда қостанайлықтарды 20 ұпай айырмасымен тас-талқан етіп жеңді. Нәтижесінде алаң иелері «алтын» иеленді.
Команда құрамында Артем Парфенов пен капитан Ілияс Жүнісов үздік ойыншылар болып танылды. Финалдық турды облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы және ҚР Ұлттық баскетбол федерациясы ұйымдастырды. Демеушілер - «Isker» консорциумы мен «Әлішер» ЖШС.
***
Атырау қаласының спорттық қауымдастығы темір жол вокзалында 2002 ж.т. жасөспірімдер арасында су добынан ҚР ашық чемпионатында алтын медаль ұтқан «Атырау» командасын салтанатты түрде қарсы алды.
Біздің жас ватерполшыларымыз «Астана» (10:7), «Челябинск» (14:7), «Астана-2» (14:0) және «Тараз» (7:5) командаларын тас-талқан етіп ұтты. «Қарағанды» командасымен болған соңғы матчта жаттықтырушы Ернұр Қойлиевтің шәкірттеріне чемпион болу үшін тең есеп те жарайтын еді. Олар бұған қол жеткізді – 9:9. 2-ші және 3-орындарды сәйкесінше «Челябинск» және «Қарағанды» командалары алды.
«Атыраудың» қорғаушысы мен шабуылшысы Никита Ковальчук пен Кенжебай Сәттібек өз амплуаларында үздік деп танылды. Биылғы чемпионат бір турдан тұрды. Келесілері үш турдан болмақ. Атыраулық ватерполшылар өз титулдарын сақтап қалуға бар күштерін салмақшы.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Қазақ күресінен облыс құрамасы Ақтөбеде өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері Ғалымжан Байниязовты еске алуға арналған 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирде сәтті өнер көрсетті.
Өз салмақ дәрежелерінде Қуанғали Еркебұлан, Асыланбек Төлеуұлы, Майдан Батанов, Нұрсұлтан Әбуов және Саян Қайырғалиев «алтын» алса, Күлшин Әділет – «күміс», Шерхан Ниғмашев «қола» иеленді. Балаларды құраманың аға жаттықтырушысы Нұрболат Ыстыбай мен жаттықтырушы Айбек Серғазиев дайындады.
***
Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде әуесқойлар арасында ММА (аралас айқас) бойынша Қазақстан кубогы және кәсіпқойлар арасында М-1 ережесі бойынша «Номадтар айқасы-2» турнирі өтті.
ММА-да Жасұлан Хасимов пен Амангелді Бекқалиев күміс медаль алды. М-1 турнирінде өз айқасын мұнай және газ институтының студенті Самат Жағыпаров (суретте) тәжікстандық қарсыласын техникалық нокаутпен ұтты. Спортшыларды Асқар Үмбетов пен Бауыржан Берғалиев жаттықтырады.
***
АМУ-дің шахмат клубында классикалық шахмат бойынша жеке біріншілік өтті.
Зияткерлер жарысы швейцариялық жүйеде жеті турда өтті (жеңіске 1 ұпай, тең есепке 0,5 ұпай). Өз номинацияларында келесілер жеңімпаз атанды: ардагерлер – Еркінқала ауылынан келген зейнеткер Бөкенбай Ағаша (5,5 ұпай), ерлер – 2009 жылғы жастар арасында Азияның вице-чемпионы, 1-БЖСМ жаттықтырушысы Жәнібек Аманов (7 ұпай), әйелдер – 1-БЖСМ жаттықтырушысы Гүлнұр Төлеуова (4,5 ұпай), жасөспірімдер – АИГИ студенті Әсет Төлегенов (5,5 ұпай), қыздар –АИГИ студенті Жұлдыз Елеусін (4 ұпай), ер балалар (орта топ) –Ж.Досмұхамедов атындағы лицейдің оқушысы Нұрбол Ғалымжанұлы (5 ұпай), қыздар – Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Диляра Ғабитова (4 ұпай), ер балалар (кіші топ) – СТГ-ның 5-сынып оқушысы Нұрәділ Жамбыл (4,5 ұпай). Облыстық ардагерлер кеңесі атынан арнайы сыйлық бұрынғы педагог, 84 жастағы Нұртай Исабаевқа берілді. Ақсақал өз санатында 5 ұпаймен 2-орын алды.
- Жарысқа Атырау қаласы мен барлық аудандардан 50-ден аса шахматшы қатысты, - дейді бас төреші, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай ГАЙСИН. –Ойыншылар өте қызықты, комбинациялық ойын көрсетті. Өз номинацияларында жеңіске жеткендер облыс намысын 2015 жылғы Қазақстан чемпионатында қорғау құқығына ие болды.
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Атыраулық спортшылар Қазақстан құрамасы сапында Калининградта өткен панкратион мен греплингтен жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлденің барлық түріне қол жеткізді.
Атыраулықтар тек панкратион айқастарына ғана қатысты. 77 келіге дейінгі салмақта Думан Балмұханов «алтыннан» алқа тақса, 62 келіге дейінгі салмақта Бекболат Нұрберген «күміс», 66 келіге дейінгі салмақта Өмірбек Шайпенов «қола» алды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ