Алкоголь өнімдерін сатушылар 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап лицензиялық алымды жыл сайын төлеуі тиіс болады. Бұл туралы Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бастығы Батырбек ЮСУПОВ Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағындағы кездесу барысында хабарлады.
-Бұрынғы ереже бойынша алым бір рет - лицензия алған кезде төленетін, ол мерзімсіз болды. Енді лицензиялық алымды жыл сайын, қатаң келісілген уақытта, яғни, 1-20 қаңтар аралығында төлеу керек. Олай болмаған жағдайда кәсіпкерлерді айыппұл санкциялары күтіп тұр, - дейді Б.Юсупов.
Ол, сондай-ақ, лицензиялық алым мөлшерлемесін атады: ол Атырау қаласында орналасқан нысандар үшін 100 АЕК, Құлсары қаласындағы, қала типіндегі Мақат пен Индер поселкелеріндегі дүкендер үшін 70 АЕК, бүкіл облыс бойынша селолық елді мекендерде 30 АЕК (бұл тізімге қала маңындағы селолық округтер де кіреді) құрайды. Спирттік ішімдікті көтерме саудамен сатуды жүзеге асыратын фирмалар нысанның орналасқан жеріне қарамастан 200 АЕК мөлшерінде лицензиялық алым төлеуі тиіс.
Б.Юсуповтың айтуынша, кез келген тұтынушының мемлекеттік кірістер департаментінің қабырғасында алкогольдік сусындар лицензиясының шынайы-лығын тексеруге мүмкіндіктері бар. Ол үшін №30 кабинетке өнімді әкеліп, арнайы сканерде таңбаламасын сынақтан өткізеді. Егер алкогольдің «көлденең» екені анықталса, сатып алушы шағым жаза алады. Содан соң сатушыға заңға сәйкес санкциялар қолданылатын болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА