«Гастрольге кетіп барамын. Купе. Бәрімізтанысып жатырмыз. Ең қызығы кезекмаған келгенде басталды.
- Сіз әртіссіз бе? – деді көршілерім көңілдері маған ауып. – Киноға түсесіз бе? Ән айтасыз ба? Ооо, фокусшы!
Сұхбаттасушыларымның жүзінде мысқыл күлкі пайда болды, біреуі ақылды кейіппен «Путевка в жизнь» кинофильміндегі жүгірмек Мұстафаның «Тек қолдың икемділігі, ешқандай алаяқтық жоқ па?» деген белгілі сөзін қайталады».
«ҚАЛАЙ ЖАСАЙТЫНЫМДЫ ӨЗІМ БІЛМЕЙМІН»
Фокусшы-иллюзионист Ильхам КЕРИМОВТЫҢ (суретте) көлеңкесі барлық физика заңдарына қайшы қабырғаға еніп кетсе, денесі көрермен жұрттың көз алдында айнадан өтіп кетеді. Ол шынжырдан оңай босап, шұрқ тесік қылатын үшкір найзалардан соңғы сәтте сытылып шығады.
...Қағаз сулықтанқайдан шыққаны белгісіз қояндар пайда болса, қайшымен қиып тастаған қағаз тіліктері ғажап жағдайда тұтасып қалады...
Қол-аяғы байланып тұрса да, үстіндегі бешпетін еш қиындықсыз шешеді. Мынау тағы не! Ол ауада еш сүйемелсіз қалықтап тұрып, адамның денсаулығына зиян келтірместен арамен екіге бөледі. Сондай-ақ, оның мен сияқты сенбеушілердің басын шабатын гильотині бар. Қайта мистер Ильхам (сахналық лақап аты) – нағыз жігіт, сондықтан да мені масқаралаудың орнына құлағымнан гүл шығарып, еңкейіп, сыйға тартты. Содан кейін, мен ес жиғанша, он рет қатарынан ойын картасымен керемет фокус көрсетті.
- Мұны қалай жасайсыз? - деп, кібіртіктеп болса да осы бір қарапайым сұрақты қойдым.
Қорыққан адамша көзін бақырайтып: «Өзім білмеймін...» деп сыбырлады.
Дегенмен, менен құтылғысы келді ме, бұрын бұлай жасамаған едім деп, картамен жасалатын бір фокустың құпиясын ашты, кейін анықтағанымдай, бұл фокусшылардың ережесіне қайшы екен. Иллюзиялық жанр әртістерінің басты ережесі – трюктер сырын көрермендерге ашпау.
...АЛАЙДА ҚОЛЖАЗБАНЫ САТУҒА БОЛАДЫ
Ильхам Әзірбайжанда туған және ол әзірге тек өз отанында ғана танымал. Саяхаттағанды жаны сүйеді, ол Швейцария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Германия және басқа да көптеген елдерді аралап, таңғалдырып жүр.
Адамдар қалай фокусшы болады? Ильхамның бойында қарапайым адамның қабылдау түйсігінен тыс жатқан осы өнерді танып-білуге деген құштарлық бала кезінде ояныпты.
- Мен бірінші сынып оқитын кезімде қаламызға келген шапито-циркіне мектеп болып бардық. Сол жерде фокусшы өнер көрсетті, - деп еске алды Ильхам. – Оның жасаған нәрселері мені қатты таңғалдырып, мен мұның құпиясын шешуге белімді бекем будым. Бір жақсысы, өзім туып-өскен Сумгайт қаласында кеңестік кезеңде танымал болған фокусшы-иллюзионист Ариф Гурбановтың үйірмесі жұмыс жасады. Фокустың алғашқы әліпбиін сол жерде үйрендім, кейін мектепті бітіргеннен кейін, әрине, фокусшы оқуына түсуге ниет білдірдім және Әзірбайжан иллюзия театрына оқуға түстім. Іріктеу үш айға созылды, жолым болып, оқуға қабылдандым. Негізгі оқумен қатар оқытушыларымыз бізге түрлі фокустар көрсетті, соның құпиясын шешу бізге ай сайынғы емтиханның орнына жүрді. Егер айдың аяғында студент фокустың қалай жасалатынын шеше алмаса, оқудан шығарылды. Осылайша төрт жыл оқыдық.
- Бала күнімде қара бетперде киіп алған біреудің Дэвид Копперфильдтің фокустарының сырын ашатын шоуды қарағанмын. Дэвид үшін жаным ашыған...
-Әрбір фокусшы-иллюзионистің енді пайдаланбайтын жатып қалған фокустері болады. Дэвидті аямаңыз, ол бұл трюктерін сатқан болатын. Бәрібір олар оған керек емес еді. Мен де кейде фокустарды сатып аламын, бұл қалыпты жағдай.
- Бағалары қандай?
- Қиындығына қарай. Бір фокус әр елде әр түрлі бағалануы мүмкін, мәселен, Еуропада 5 мың болса, Қытайдан мұны екі мың долларға алуға болады... Алайда көптеген фокустарымды өзім ойлап шығарамын. Өзімнің қырықтан аса еңбегім бар.
«МЕН ЖАҚСЫ АЛАЯҚПЫН»
- Сіз 90-шы жылдары шармен көз алдайтын шулер болып, көп ақша табар едіңіз ғой...
- Сол кезде маған осындай ұсыныстар жасалған еді, - деп келісті Ильхам. – Бірақ мен басқаша тәрбиеленгенмін: ата-анам жастайымнан біреуді алдау және ұрлау ең жаман нәрсе деп оқытты. Алайда, менің өнерім алдауға құрылған. Ол көп болған сайын қызық бола түседі. Фокусшыны ақтап қандай да болсын уәж ойлап таба беріңіз, бәрібір оның жұмысы – кісі алдау. Алдадың ба, алаяқсың. Мен жақсы «алаяқпын», өйткені, менен алданғандар жыламайды, үлкен ләззат алады. Мен алдаған сайын көрермендер риза болады.
Бір темекісін тұтатқан Ильхам үнсіз жымиып, менің ойлануыма уақыт берді. Содан кейін ауадан сулық жасап, зеріккен түрмен оған темекісін орай қойды:
- Менің кәсібімде жүріп, сиқырға сену қиын. Бірақ мен сенемін. Несін жасырамыз, бәріміз де белгілі бір тылсым күшке сенгіміз келеді ғой.
Осыны айтып тұрып, менің таңданған түріме қарап, сулықты қаға салды, тап-таза мата, күлдің ізі де жоқ.
- Айттым ғой, сиқыр...
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор