Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 29-сессиясында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ депутаттарды «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының ««Нұр Отан» партиясының үздік қабылдау бөлмесі» республикалық байқауында жеңуімен құттықтады. Жаңалық ду қол шапалақтаумен қарсы алынды.
Сәл саябырланғаннан кейін депутаттар қалалық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының м.а. Мақсот ҒАЛЫМОВТЫҢ баяндамасын тыңдады.
Оның айтуынша, биыл игерілмеген 1,5 миллиард теңге мақсаттық тағайындалымымен 2015 жылғы қала бюджетіне аударылды. Атап айтсақ, қаржылар қала көшелерін жөндеуге, су құбырларына күрделі жөндеу жасауға, коммуналдық базар құрылысына ЖСҚ дайындауға, №5 су сүзгілеу станциясы құрылысын жалғастыруға және т.б. бөлінбекші.
Сондай-ақ, республикалық бюджеттен несиелік және арендалық тұрғын үй салуға бөлінген трансфертті игеру де келесі жылға ауыстырылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ