Құрманғазы ауданы Ақкөл селосының селолық амбулаториясы қызметкерлерінің әрекетсіздігінен жеті жасар бала көз жұмды.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢақпараты бойынша, 2 желтоқсан күні кешкісін бала әкесімен және екі інісімен үйде болған, анасы дүкенге шығып кеткен екен. Бала асүйде сабағын оқып отырған, қалған отбасы мүшелері басқа бөлмеде болған. Жерге түсіп кеткен қаламына еңкейген бала сорпа қайнап жатқан электр плитасы тұрған үстелді жанап кетеді. Сол кезде кастрюлдің ішіндегі сорпа баланың үстіне төгіледі. Дүкеннен келген анасы бірден селолық амбулаторияның дәрігеріне жүгіреді. Бірақ медик бар болғаны «Пантенол» жақпамайын тағайындаумен шектеліп, зардап шегушіні келесі күні таңертең келіп қарауға уәде береді.
Қайғылы жағдай шамамен сағат 18-дерде болған. Кешкі сағат онда бала қалшылдап, сандырақтай бастайды. Анасы дәрігердің ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін ауруханаға жіберулерін өтінеді. Медик тағы да көмек көрсетуден бас тартып, ертең таңертең өзінің келетінін қайталап айтқан. 3 желтоқсан таңертеңгі сағат 9.30-да ол тағы бір дәрігермен бірге ақырында шақыртуға келіп, баланың жағдайын көріп, жедел жәрдем шақырған. Жер тайғақ болғандықтан аудандық ауруханаға жетуге бір жарым сағат уақыт кеткен. Сол уақыттарда дәрігерлер баланы аман алып қала алмады, аурудан есеңгіреген бала көз жұмған.
- Бала өлімі фактісі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері әзірге дайын емес. Медицина қызметкеріне қатысты ҚР ҚК-нің 118-бабының 2-тармағы («Науқасқа көмек көрсетпеу, оның өлуiне әкеп соққан әрекет) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Одан басқа жаққа кетпеу туралы қолхат алынды, - дейді Г.Мұхтарова.
Түсінік алу үшін хабарласқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы біздің сұрақтарымызға жауап беруге дайын болмады. Басқарма бастығының орынбасары Дина КАМЕЛОВАНЫҢ айтуынша, сол жерде болған оқиғаны толықтай анықтау үшін ол дүйсенбі күні таңертең ауылға барғалы отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
P.S.
Ақкөлге барып келгеннен кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина КАМЕЛОВА селолық амбулатория дәрігерімен кездескендігі туралы әңгімеледі.
– Дәрігер қабылдауды тастай салып, шақыртуға жүгіруге тиіс болатын. Бұл ауылдық жер, анасының аз-мұз күйікке бола дәрігерге жүгінбейтіндігі түсінікті ғой. Бірақ дәрігер олай етпеген. Кейінірек баруға уәде берген. Ал таңертең барғанда өте кеш болған. Қазір қылмыстық іс қозғалды, мұнымен полиция айналысуда.
– Неліктен дәрігер шақыртуға келмеген? Ол тәжірибесі жоқ маман ба әлде қабылдауында жағдайы ауыр пациент болған ба? Немесе жұмысы өте көп болып, шаршағасын келмеген бе?
– Дәрігер – жұмыс өтілі бар қызметкер, оны тәжірибесіз дей алмаймын. Біз де одан анасының шақыртуына неге бармағанын сұрадық. Ол жағдайдың соншалықты ауыр екенін, өлімге апарып соқтыратынын күтпегенін айтады.
– Қазір ол жұмысынан шеттетілді ме?
– Жоқ, науқастарды қабылдауды жалғастыруда. Ол жақта шалғайдағы бірнеше поселкеде бар болғаны екі дәрігер жұмыс жасайды. Екіншісі зейнеткерлік жаста. Ал қызмет көрсететін учаске үлкен, ол жерде жүкті әйелдер де, балалар да, қариялар да бар. Оларға кез-келген уақытта медициналық көмек керек боп қалуы мүмкін. Бүгінгі күні дәрігер әкімшілік жаза алды – сөгіс беріліп, бұрын тиесілі болған қосымша төлемнен айырды. Әрі қарай оның тағдыры қылмыстық істі тергеу нәтижелеріне байланысты шешіледі.