Атырау, 25 қараша 06:36
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ресей Түркияда атом электр станциясын салмақ

1 758 просмотра

Ресей Түркияда атом электр станциясын салмақ. Ал қос мемлекет арасындағы сауда айналымы 2020 жылға қарай 100 миллиард долларды құрауы тиіс. Яғни қазіргі 32 миллиардтық соманы 3-4 есеге арттыру көзделген, деп хабарлайды astanatv.kz.

Анадолы еліне арнайы ат басын бұрған Ресей президенті Владимир Путин түрік басшысы Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесу барысында осындай келісімдерге қол жеткізді. Жетпіс бес минутқа жоспарланған екі жақты кездесу 3 сағатқа созылды. Демек, мәселе оңай шешілмеген секілді.

Сегіз сағаттық сапарында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин бір емес, бірнеше мәселенің нүктесін қойып, ресми Анкара мен Мәскеу арасындағы байланысты барынша күшейтудің жолдарын қарастырды. Әрине, бұған түрік билігі де мүдделі. Өйткені кәсіпкерлер қауымы үшін Ресейде үлкен нарық, мол мүмкіндіктер бар.

Ақсарай резиденциясының төрінде төселген кілемнің түсі Түркияның көгілдір отынға тәуелді екенін тұспалдағандай. Өйткені екі ел үшін де ең өзекті тақырып бірі осы. Ердоған мен Путиннің талқылайтын тақырыптары әуелден-ақ белгілі. Сауда-экономика, энергетика және сыртқы саясат. Ақжолтай жаңалығын айтып, әріптесін қуантқан Ресей президенті газ бағасын 2015 жылдың 1 айынан бастап 6 пайызға арзандататынын жеткізді.

«Түркияның сауда саясатындағы ең үлкен әріптесі Германия болса, Ресей содан кейінгі орында тұр. Екі елдің байланысын нығайтып, сауда-экономикалық көрсеткішті одан әрі арттыруды қарастыруымыз керек», - деді РФ президенті Владимир Путин.

Ресей жылына 3 млрд тонна текше метр газ жөнелтуді жоспарлап отыр. Егер Түркия одан да көп қажет десе, газ құбырын тартуға да әзірміз деді. Ресми Мәскеудің мұндай дархандық танытуы да бекер емес. Батыс елдерінің көгілдір отыннан бас тартып, «Оңтүстік ағын» жобасының тұралап қалуы Ресейдегі табиғи газдың тонналап жиналып қалуына сеп болды.

«Ушығып тұрған Украина мәселесі шешімін таппайынша, орта жолдағы Болгарияның да рұқсатын алу мүмкін емес. Сондықтан аталмыш алып жобадан бас тартамыз», - деді Путин. Қос президенттің сыртқы саясаттағы, әсіресе Сирия бойынша ұстанымдары мен ой-пікірі, сол күйінде қалды.

«Тағы да қайталап айтамын. Сирия президенті Башар Асадтың дәл қазіргі әрекеті дұрыс емес. Елде 300 мыңға жуық адам қырылды. 7 млн кезіп жүр. Осыны көріп, білсе де, билік тізгінін бермей, елді қыруы жақсылық әкелмейді», - деп атап өтті Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоған.

Ердоған сөзінен соң Путиннің пікірі өзгеріп қалар бәлкім дегендей тілшілер Сирияға қатысты сұрақты қайта қойды. Ресей басшысы Асадты таңдаған мен емес, халқының өзі деп, жауабын қысқа қайырды. Әсілі, кездесу кезіндегі әңгіме саясат емес, экономика тақырыбында терең талқыланды.

Дереккөз: bnews.kz

3 желтоқсан 2014, 09:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.