Облыстық әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасының Атырау филиалы қол қойған меморандумға сәйкес, енді бизнестің мүдделері барлық жергілікті органдар мен өңірлік даму институттарында қорғалмақ.
Мұны жүзеге асыру құралы ретінде осы мақсатта құрылған консультативтік-кеңесші органдар (ККО) жұмыс жасайды. ККО-ның жұмыстары қатарында мемлекеттік сатып алу және қазақстандық үлес, зерделі инвестициялық саясат қалыптастыру және т.б. мәселелерде әкімшілік кедергілерді төмендетуге басымдық берілген.
Меморандумға қол қою рәсімі барысында Атырау кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖАКИЕВ аяқталғалы жатқан жылда жасалған жұмыстардың қорытындыларын атап өтті:
- Кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен 100 арыздың 60-ы бизнес субъектілерінің пайдасына шешілді. 30 арыз бойынша кеңес беріліп, 10 арыз қаралып жатыр. Палатаның сарапшыларының арқасында бір кәсіпкер қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. «АтырауЭнергосату» ЖШС-пен кіші бизнес үшін 100%алдын-ала төлем жасауды алып тастау жөнінде меморандум жасалды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жергілікті филиалымен бизнес субъектілерімен жасалатын шарт талаптарын жақсарту бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында «Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағы» ҚБ-мен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтің 30 түрі бойынша мониторинг жүргізілді. Облыстың 6 ауданында Кәсіпкерлер палатасының филиалы ашылды. 2015 жылы барлық аудандарды кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын (КҚКО) ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Қала әкімдігі, жер қатынастары, сәулет, қалалқұрылысы және құрылыс бөлімдерін қатыстыра отырып, ай сайын ашық есік күнін өткізу ұйымдастырылды. Құрылыс және сәулет бөлімінің қызмет көрсету залында тек кәсіпкерлерге ғана қызмет көрсететін терезе ашу бойынша да келіссөздер жүріп жатыр. Қала әкімімен Палата өкілдерін қалақұрылысы комиссиясының (сызбаларды бекітетін) құрамына қосу туралы да келіссөздер жасап жатырмыз. Сондай-ақ, әкіммен жер қатынастары, құрылыс, БТИ, сәулет бойынша мемлекттік органдарды бір ғимаратқа орналастырып, операциялық залдар ашу жөнінде де сөйлесіп жатырмыз.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ