Қалалық прокуратурада Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сайтында орналасқан «Шектеу» борышкерлердің бірыңғай дерекқоры тақырыбында кеңес өтті.
8 шілдеде ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВ атқарушы құжаттар бойынша міндеттемелерді орындамаған тұлғалардың, сондай-ақ әкімшілік айыппұл салу жөніндегі қаулыларды орындамаған тұлғалардың орталықтандырылған деректер банкін құру туралы бұйрыққа қол қойды.
– «Шектеуге» барлық борышкерлердің деректері енгізілді. Олар бойынша шетелге шығуға тыйым салу туралы сот шешімі, сонымен қатар лицензияны тоқтату және айыру туралы шешім шығарылды. Алимент бойынша борышкерлер бұл тізімге кірмейді, - деп хабарлады қалалық прокуратура бөлімінің бастығы Сәуле ТӨЛЕГЕНОВА.
Ақша төлегендігі туралы белгі болмаған жағдайда, борышкерлер туралы мәліметтер айыппұл салу туралы қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 күн өткен соң түседі. Әкімшілік өндірістің тоқтатылғаны немесе айыппұлдың төленгені туралы мәліметтер түскен сәттен бастап автоматты түрде борышкер есептен шығарылады.
«Шектеу» дерекқорына түсетін мәліметтің уақытында жүргізілуі, толықтығы және нақтылығы үшін тиісті өкілетті органның (жол полиция, кеден, еңбек инспекциясы, көші-қон полициясы және т.б.) басшысы жауап береді.
– Прокуратура кейбір өкілетті органдарға тексеру жүргізді, мұнда құқық бұзған тұлғаларды уақытында есепке алмау фактілері анықталды, - дейді С. Төлегенова.–Қолдарында әкімшілік айыппұлды төлегендігі туралы түбіртегі бар азаматтардың прокуратураға шағымданған жағдайлары кездесті. Біз өкілетті орган қызметкерінің төлемақы төлегендігі туралы мәліметті неліктен дерекқорға енгізбегендігін анықтадық. Жүргізушілерді жол-патрульдік қызметтің қызметкерлері тоқтатып, жүргізушілер оларға төлегендігі туралы түбіртекті көрсетсе де, «Шектеу» дерекқорын желеуретіп, айыппұлды төлеуді талап ететін жағдайлар да орын алды.
Бірінші жартыжылдықта қалалық прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне өкілетті органдар тарапынан белгілі бір тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы есепке алу құжаттары ұсынылмаған 41 фактіні анықтады. Осы үшін бұл органдардың басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, заң бұзушылардың сауалнамалық мәліметтерінен көптеген бұрмалаушылықтар анықталды. Бұл «Шектеу» дерекқорының тиімді жұмыс жасауына кедергі болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ