«АЖЭО» АҚ-да баспасөз туры өтті.
Жылу электр орталығының жоғарғы электр қуаттылығы 314 мегаватты құрайды. Бұл сағаттарда ЖЭО 230 мегаваттпен жұмыс істейді, ал алдағы аяздарда электр энергиясы тағы 10 мегаваттқа көбейеді.
- Біздің кәсіпорында 13 қазандық пен 10 бу турбинасы бар. Желтоқсанда №14 жаңа қазандық іске қосылады, бұл ескі, жөндеуді қажет ететін қазандықтарды ажыратуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады «АЖЭО» АҚ вице-президенті Мақсот ӘЛЕНОВ (суретте). – Таяу жылдарда ЖЭО қуаттылығы 500 мегаваттқа дейін жеткізілетін болады.
6 қарашада кәсіпорын қысқы маусымдағы жұмысқа әзірлік төлқұжатын алды. Ал №9 турбоагрегатты күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. «Бұл стансаның электр және жылу қуаттылығына әсер етпейді», - деп есептейді М.Әленов.
ЖЭО-ның жоғарғы жылу қуаттылығы 695 гигакалорийді құрайды. Қазір 80 гигакалорий қолданылуда, аязды күндері жылуды тұтыну үш есеге көбеймек.
- Кәсіпорында 1169адам жұмыс істейді. Жұмыстан кеткен кадрлар бар. Жыл басынан бері 104 адам жұмыстан шығып, 114 адам жұмысқа қабылданды. Көпшілігі жұмысшы мамандығы мен санат алу үшін бізге жұмысқа орналасады. Содан соң шетелдік компанияларға немесе АМӨЗ-ге кетеді. Сонда біз олар үшін оқу комбинаты секілді болғанымыз ғой, - деп қынжылыс білдірді М.Әленов.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ