Атырау, 27 желтоқсан 08:27
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

«Партия қайда болса...»

3 502 просмотра

«Өзенмұнайгаз»  мұнайшылары  жаппай «Нұр Отаннан» шығып жатыр

Тамыздың 8-і күні  ереуілдеткен мұнайшылар «Нұр Отан» партиясының төрағасы   Н.Назарбаевтың атына үндеу-хат жолдап, өздерінің партия қатарынан шығатындықтарын мәлімдеген.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Еңбек жағдайымызды түзеп, жалақымызды өсіруді сұрап, әділдікті талап етіп, ереуілде тұрғанымызға үш ай болғанын Сіздің білмеуіңіз мүмкін емес. Парламенттің тек бір партиядан, яғни «Нұр Отаннан» ғана жасақталғанын бәріміз жақсы білеміз. Олай болса, депутаттар неге біздің жағдайымызға, яғни партияластарының мұң-мұқтажына құлақ аспады? Бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, сонау алыстағы Еуропа парламентінің депутаты Пол Мерфи келіп, талаптарымызды қолдады. Ал елдің қақ жүрегінде отырған «нұротандық» депутаттар Маңғыстау жеріне аяғын аттап баспады. Тура сол сияқты үкімет мүшелері, облыс, аудан әкімдері, басқа да шен-шекпенділердің барлығы дерлік – «Нұр Отан» партиясының қатарында. Олар да біздің талап-тілегімізді орындамақ түгілі, сөзімізге құлақ аспады да.

Біз осыған дейін «Нұр Отан» партиясының басшысы ретінде Сізді де, мұнай-газ саласын ғана емес, ел экономикасының 60 пайызын өз қолында ұстап отырған Сіздің күйеу балаңыз Тимур Құлыбаевты да Маңғыстауға шақырдық. Сіздер келіп, өңірде әділдік орнатады деген қиялда өмір сүрдік. Бірақ, жағдай мүлде олай емес екен. Біздің Сізден де, Сіз басқаратын «Нұр Отаннан» да көңіліміз қалды. Бұл партияға бұрын да өз қалауымызбен кірген жоқ едік, бізді билік партиясы болған соң мәжбүрлеп қосты қатарына. Енді Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, біз «Нұр Отаннан» шығу туралы шешім қабылдадық» деп жазылған үндеу-хатта. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының  3-ші мұнай газ өндіру басқармасының машинисі РозаТӨРЕТАЕВА халықтың бұл әрекетке ашынғандықтан барып отырғанын айтады.

- Жұмыстан босағандардың саны да бес жүзден асып кетті. Қол қою жалғасуда. «Нұр Отаннан» шыққандар енді бала-шағасын мектепке жіберуден бас тартамыз деп отыр. Бұл қиын шешімді билік  біздің әрекетіміздің маңыздылығын түсінуі үшін барып отырмыз,-деп хабарлайды Роза Төретаева.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы қатарынан шығып жатқан мұнайшылардың саны екі мыңнан асты.

Ал «Қаражамбас» кеніші мұнайшылары өздерінің  «Халық майданы»  бірлескен қозғалыс құрамына жазылып жатқанын мәлімдеді.

 Маңғыстау облыстық ХД «Нұр Отан» партиясының филиалы болса  тамыздың 9-нда баспасөз хабарламасын таратып, партиядан шығу жөніндегі бірде-бір арыздың жергілікті филиалға  түспегенін мәлімдеді.

ҚОРҚЫТУЛАР МЕН УӘДЕЛЕР

Өткен аптада  Маңғыстау облыстық ТВ эфирінде сөз сөйлеген  «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ басшысы Асқар БАЛЖАНОВ мұнайшыларды  жұмыс орындарына оралуға  үгіттеуге тырысты.

«Қасиетті Рамазан айында әлі жұмыстан шығарылмағандарды өз жұмыс орындарына оралуға, өз  еңбек  ұжымдарына, өз жолдастарына қайтып баруға тағы да қайталап шақырамын! Біз Сіздерді күтіп отырмыз!, - деді А.Балжанов. - Жұмыс берушіге  заңға  сәйкес жұмысқа шықпай жүрген жұмыскерлерді жұмыстан босатып, жаңадан мамандар  қабылдауыдан  өзге жол қалмайды. Қазіргі таңда, «Қаражамбасмұнай» акционерлік қоғамы мен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының кадр бөлімдерінде 3 мыңнан астам жұмысқа кіруге талаптанған жергілікті мұнайшылардың  арыздары  жатыр, - деді Балжанов.

СОКОЛОВА 6 ЖЫЛҒА КЕСІЛДІ

Тамыздың  8-і күні  Ақтаудағы  №1 қалалық соты  мұнайшылардың құқын қорғап жүрген тәуелсіз заңгер Наталья СОКОЛОВАҒА (суретте) қатысты  үкім шығарды. Заңгер әйел 6 жылға  бас бостандығынан айырылды.

Сәния ТОЙКЕН

11 тамыз 2011, 19:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.