Бельгия полициясы қарашаның 6-сы күні Брюссельде демонстранттармен қақтығыс кезінде көзден жас ағызатын газ қолданып, су шашты.
Брюссельдегі нарықтық реформалар мен қатаң экономикалық шараларға қарсы наразылық акцияларына 100 мыңға таяу адам қатысты. Шерушілер бұл реформалар мен шаралар халықтың әлеуметтік ахуалына кері әсер етеді деп санайды.
Шерушілер көліктерді төңкеріп, олардың үстінен полицияға тас пен петардалар лақтырды. Қоғамдық көліктердің қозғалысы шектеліп, қалада қатынас қиындай түсті. Дәл осы күні Еуропа Одағы елдерінің қаржы министрлері Брюссельге жиналып жатқан.
Наразылық шеруі Бельгия кәсіподақтарының басқарушы коалицияға қарсы кампаниясының басталғанын білдіреді. Қарсылық кампаниясы бір айға созылып, желтоқсанның 15-і күні жалпыұлттық шерулермен аяқталуы тиіс.
Дереккөз: Азаттық радиосы