Теңіз кенішіне арналған ірі габаритті (ені 10,5 метр, биіктігі 10,5 метр және салмағы 300 тонна) жүкті Доссордан Сағыз поселкесінің көпіріне дейін тасымалдау 29 қазаннан 1 қарашаға ауыстырылды. Бұл туралы «Саренс» көлік компаниясындағылар хабарлады.
Мерзімді теміржол өткелі арқылы алыпты тасымалдау үшін арнайы салынған айналма жолдың жағдайы нашар болғандықтан кейінге қалдырды. Естеріңізге салсақ, платформаға айналма жолдан өтіп, Доссор-Құлсары тас жолына шығып, 18 шақырым жол жүру керек. Бұл жерде жүк теміржол өткелі арқылы кезекті «өткел» салынып біткенше күтетін болады.
Платформаны тартқыштардың тас жолына 1 қарашада сағат нешеде алып шығатыны әзірге белгісіз. Шамамен жол сағат 8-ден 16-ға дейінгі уақытты алады. Теміржол «Саренс» компаниясына осы өткелде пойыздар болмайтын кезде «терезе» ұсынуы тиіс.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ