Облыстық прокуратура 2013-2014 жылдар ішінде азаматтарға әлеуметтік төлемдер, зейнетақылар мен жәрдемақыларды заңсыз есептеу фактілерін анықтады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз хабарламасында айтылды.
Аталған уақыт ішінде «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы» РМҚК (МЗТО) облыстық филиалына жұмыссыз қалуына байланысты әлеуметтік төлемдер алуға 118 азамат өтініші берген. Әрі қарай «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңының 15-бабына сәйкес, олар жәрдемақы алу үшін жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіркелген.
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының 23-бабына сәйкес, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өкілетті орган жұмыссызды есептен шығарғаннан кейін бір ай өткен соң жұмыссыз қалуына байланысты әлеуметтік төлем тоқтатылады. Алайда заңды бұзып, бұл адамдар жаңа жұмысты тапса да, жәрдемақы алуды жалғастыра берген. Нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 4,5 млн теңге сомада зиян келтірілген.
Бұдан басқа, шетелге тұрақты мекен-жайға көшіп кеткен азаматтарған зейнетақылар мен жәрдемақыларды заңсыз аудару фактілері анықталды. Қоныс аударған үш азаматқа әлеуметтік қамту органдары жалпы сомасы 1,5 млн теңге мөлшерде зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді жалғастырып келгені анықталды. Төлемдер тек прокурорлық тексеру барысында ғана тоқтатылды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша МЗТО филиалының тарапына мемлекет кірісіне 6 млн теңгені қайтарып, заң бұзушылықты жою қажеттілігі туралы ұйғарым енгізілді. Қазіргі кезде осы сомадан 700 мың теңге өндіріліп алынды.
Сайттағы жарияланымнан кейін «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы» РМКК Атырау облыстық филиалы төмендегі комментарийді жолдады. 04.02.2013 жылғы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» № 75-V Заңының (әрі қарай - заң) 23-бабының 6-тармағына сәйкес, «жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган алушыны есептен шығарған ай өткен соң тоқтатылады».
Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес, «әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы және алушы әлеуметтік төлемдерді алу кезеңінде әлеуметтік төлемдер бойынша Қор міндеттемелерінің орындалуына әсер ететін барлық өзгерістер туралы, осындай өзгерістер туындаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Орталықтың құрылымдық бөлімшелерін хабардар етуге міндетті».
Әлеуметтік төлемдерді алу кезеңінде алушылардан жұмыспен қамту органынан есептен шығарылғандығы туралы Орталық бөлімшесіне хабарлама түскен жоқ, соған байланысты Орталық бөлімшесінің өкілетті орган тағайындаған әлеуметтік төлемдерді тоқтатуға құқықтық негізі болған жоқ.
Жұмыссызды есептен шығаруға байланысты жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеуді дер кезінде тоқтату үшін осы жәрдемақыны алушының Орталық бөлімшесіне хабарламасы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау жөніндегі өкілетті органның – Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің төлемді тоқтату туралы шешімі шығу керек».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ