Атырау, 21 желтоқсан 15:20
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Амантай Торғаев: «Болашақ «барыстарды» дайындап жатырмыз»

2 523 просмотра

Өткен аптада Атырауда Қазақстанның Ұлттық баскетбол федерациясының филиалы ашылды. Қоғамдық бірлестіктің алға қойған жоспарлары жөнінде филиал директоры Амантай ТОРҒАЕВПЕН (суретте) әңгімелестік.

ҚҰРМАНҒАЗЫДА ӨЗ ЛИГАСЫ БАР

- Нариман Байбосынов пен Болат Мұхамбетқалиев басқаратын облыстық баскетбол федерациясы өз жұмысын жалғастыра береді. Соңғы кездері олар негізінен кәсіби баскетболмен – облыстық «Атырау барыстары» командасымен айналысып келді. Нәтижесінде біз федерация құрамынан шықтық. Бізге Қазақстанның баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысов хабарласып, осы жерден филиал ашуды ұсынды, біз солай жасадық. Бұрынғы федерациямен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз.

- ҚР ҰБФ филиалының атқарушы комитетіне кімдер кірді?

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Торғаев Амантай Қайрошұлы,
52 жаста, бүкілодақтық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, жаттықтырушылық өтілі – 26 жыл.

- Филиал директоры болып Саламат Рахметұлы Төлеуов тағайындалды, орынбасары менмін. Мектеп және Студенттік баскетбол лигасына Еркін Қалимұлы Төлегенов жетекшілік етеді.

Біз 2014-2017 жылдарға арналған облыста баскетболды дамыту бағдарламасын әзірледік. Негізгі мақсатымыз – Мектеп, Студенттік лигаларды дамыту, Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер баскетбол лигасы чемпионаттарына қатысу және ересектер арасында баскетболдан әуесқой турнирлер өткізу.

Мектеп лигасының маусымын 19 қазанда бастаймыз. 20 қала мектептері командасы, Доссор ауылы мектептерінен бір команда, Аққыстау ауылы мектептерінен екі команда өтінім берді. Құрманғазы ауданында өздерінің Мектеп лигасы ашылды, ол жерде жарыстар бөлек өтеді. Сондай-ақ, жуырда Студенттік лига ойындары да басталады. Қазір спорт залдарды таңдаумен айналысып жатырмыз.

Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер баскетбол лигасы (БЖБЛ) чемпионаттарында атыраулық командалар бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Өткен маусымда 2000 ж.т. жасөспірімдер командасы «күміс» ұтып алды. Қазір Шу қаласында 1999 ж.т. жасөспірімдер арасында БЖБЛ чемпионатының финалдық матчтары өтіп жатыр. Жартылай финалда біздің командамыз мықты қарсылас – Қостанайдың «Тобылын» жеңіп, финалға шықты. Шешуші матчта жігіттеріміз Оңтүстік Қазақстан облысындағы құрдастарымен кездеседі.

28 қараша мен 4 желтоқсан арасында Атырау тарихында алғаш рет 1998 ж.т. жасөспірімдер арасында БЖБЛ чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз.

 

КЕЙДЕ БІР ҚАДАМ АРТҚА ШЕГІНУ КЕРЕК

- Баскетбол ойынында команда көшбасшыларының рөлі үлкен. Үздік ойыншыларды атаңызшы.

- Көшбасшылар барлық командада болуы керек. 1999 ж.т. арасында Ілияс Нағимов пен Марат Әділхан үздік ойыншылар болып табылады. «Тобылмен» болған ойында олар матчтың соңғы жағында жақсы өнер көрсетіп, командаға жеңіс әкелді. Балаларды Саламат Торғаев жаттықтырады. Олармен бірге финалдық ойындарға команданың кеңесшісі, «Атырау Барыстарының» бұрынғы капитаны Рүстем Төлеу еріп барды.

1998 ж.т. жасөспірімдер командасында Ілияс Жүнісов, Артем Парфенов және Асқар Табешовтың орындары ерекше. Осы маусымда олар Қазақ-станның Жоғары лига чемпионатына қатысатын «Атырау Барыстары» командасында ойнайды.

1997 ж.т. командада Рымбек Сағынғалиев пен Әлішер Төлеуов сәтті өнер көрсетіп жүр. Олар да «барыстардың» құрамында, алайда 15 қазаннан бастап облыстық команда жаттығуларынан босатылып, БЖБЛ чемпионатына дайындалып жатыр.

2000 ж.т. жасөспірімдер арасындағы үздіктер – Нұртас Төлеубаев, Ерғанат Қайрошев, Александр Терентьев және Мерей Уәпов.

- 2001 жылы туғандар командасының көшбасшысы кім?

- Бұл команданы жаттықтыруды №19 мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Анатолий Максимович Лысяк өз қолына алды. Олар БЖБЛ чемпионатының бірінші турына қатысып, бір ойыннан басқасында жеңіске жетті, алайда екінші турға бару-бармаулары белгісіз, қаражат жоқ.

- Федерация филиалына жұмыс табылды ғой. Неге көмектеспейсіздер?

- Біздің федерация көмектесе алады, алайда жаттықтырушы Лысяк командасына сырттан кісі алудан бас тартып отыр. Оның командасында жақсы ойнайтын 3-4 бала бар. Біз 2001 жылы туғандар командасына Бақтығали Айжігітовты жаттықтырушы етіп сайладық. Бұл 53 жастағы бапкер №2 мектеп командасын екі рет Атырау қаласы мектеп лигасында жеңіске жеткізді. Сонымен қатар, ол белгілі ойыншы, стритболдан ардагерлер арасындағы қала чемпионы.

- «Атырау Барыстары» неге Ұлттық лиганы тастап, төменгі лигада ойнап жүр?

- Биыл «Барыстар» өз ойындарын Жоғары лигада бастады. Шу қаласында өткен бірінші турда олар барлығын ұтты. Менің ойымша, олар Ұлттық лигада қаржының жетіспеушілігінен ойнамай жүр. Дегенмен, командаға жергілікті жастарға жол ашылды. Сонымен қатар, «Барыстар» Прибалтика лигасының U-20 чемпионатында (қатысушылардың жасы 20 жасқа дейін) өнер көрсетеді. Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын. Командада Литвадан келген екі-ақ легионер бар.

Біз үшін ең маңыздысы – ересек «барыстардың» орнын басатын ойыншылар дайындау. Егер олар Жоғары лигада бірінші орын алса, Ұлттық лигаға автоматты түрде өтеді. Ұлттық лига командасының өз фармклубы болуы керек. Біз өз шәкірттерімізді соған дайындап жатырмыз.

Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.