Атырау, 21 желтоқсан 15:13
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Бір суреттің тарихы

2 427 просмотра

1974 жылғы қазан айы, Гурьев қ. «Күз кубогының» жеңімпазы Ленин атындағы №4 орта мектептің командасы. Жоғарғы қатар: мұғалім Леонид Анатольевич Плетнев, Еркін Сейтімов, Александр Свиньин, Марат Досқалиев, Юрий Лайс, Тауфиқ Каримов, Сергей Ненциев, Николай Катков, Марат Құбашев; төменгі қатар: Сәрсенбай Рысқалиев, Болат Есекенов, Олег Ананьев, Мақсот Жалпақов, Ербол Құрманбаев.

«КҮЗ КУБОГЫ – 1974»

Сол кездегі дәстүрлі Кубокты сарапқа салу үшін облыс орталығынан 16 команда қатысты, барлық ойындар да қалалық «Нефтяник» орталық стадионында олимпиадалық жүйемен өтті. 

№4 орта мектеп 8:2 доп айырмасымен барлық төрт матчта да жеңіске жетті. Кубок жолында оларға №8, №11, №21 орта мектептері жолығып, финалда Пушкин атындағы №20 орта мектеп командасымен кездесті. Ақтық ойында «төртінші» мектеп 1:0 есебімен ұтты (жеңіс голын Каримов соқты). Финалдық матчтан кейін команда капитаны Құбашев Кубокты мектеп директоры, соғыс ардагері Анатолий Аполлонович Плешковқа табыс етті.   

Сол кезде А. А. Плешковтың қарамағында керемет педагогикалық ұжым жұмыс жасады – әр жылдары оқу ісі бойынша меңгерушілер Алевтина Каримовна Гизатуллина, Алла Николаевна Мартиросьянц және Тамара Сергеевна Васильева-Закаблучная, мұғалімдер Лидия Александровна Борисова (Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты), Александра Михайловна Афанасьева, Надежда Ахметовна Каримова. Виталий Ионович Крутько, Геннадий Анатольевич Скворцов, әкелі-балалы Анатолий Сергеевич пен Леонид Анатольевич Плетневтер, Алексей Степанович Гей, Николай Николаевич Решетников, Людмила Павловна Масленникова, Анна Васильевна Акутина, Ангелина Александровна Лайс, Екатерина Дмитриевна Чебышева, Нина Иннокентьевна Арутюнянц және А.А.Плешковтан кейін мектептің директоры болған Жайлы Бөкешқызы Өмірбекова.

Сол кездерде футбол жоғары сынып оқушылары арасында өте жақсы дамып, көпшілігі мұнай өңдеу зауытының, Петровский атындағы зауыттың, авиаотряд, химиялық зауыт, «Гурьевнефтехимстрой» трестінің ересек командаларында өнер көрсетті. Мәселен, оқушы болса да қаланың футбол әлемінде В.Абакумов, А.Цымбалов, А.Пищик, К.Габдуллин, Т.Сегізбаев (№20 ОМ), М.Абдрахманов, С.Қаражігітов (№12 ОМ). Х.Джамалетдинов,  ағайынды Чейдуковтар (№77 ОМ), М.Қалжігітов, П.Свербихин (№17 ОМ), А.Цыганов (№5 ОМ), Н.Собекенов (№21 ОМ), П.Сутягин, А.Тұрдығұлов, М.Покатилов, В.Бирюков, Т.Каримов (№4 ОМ) және т.б. белгілі болды. Политтехникумда  Ю.Федоров, пединститутта Д.Өтегенов пен М.Медетов («Гарринча») көзге түсіп жүрді…

Бір жыл бұрын, 1973 жылы да Күз Кубогын Ленин атындағы ОМ ұтып алған. Финалда олар Кубок фавориті – белгілі балалар жаттықтырушысы Роман Тхо-Ирович Лидің барлық шәкірттері ойнайтын Киров атындағы №17 ОМ командасын 2:0 есебімен ұтқан болатын.

№4 орта мектептің сол кездегі осы екі жеңімпаз командасынан Павел Сутягин, Әміржан Тұрдығұлов және Тауфиқ Каримов әр жылдары КСРО чемпионаты екінші лигасының командасы «Прикаспиецте» (аға жаттықтырушысы – «Қайрат» ФК-ның бұрынғы қақпашысы Әлібек Әміров, әкімшісі - Қанат Галямов) ойнады. Қалалық партия комитетінің хатшысы Равиль Шырдабаевтың кезінде құрылған алғашқы кәсіби командаға қаланың жетекші кәсіпорындары – мұнай өңдеу және химиялық зауыттар демеуші болды. 

№4 ОМ оқушылары ішінен футболдан ең үлкен табысқа Иван Азовский жетті. Ол жоғарыда аталғандардан сәл кейін «Прикаспиецте» ойнап, кейіннен атышулы «Қайратта» өнер көрсетіп, Қазақстанға белгілі кәсіби футболшы және жаттықтырушы болды. 

№4 Ленин атындағы орта мектепте ертерек (60-жылдардың аяғы) оқыған кейбір спортшыларды атап өтейік: Рашид Ахметшин (допты хоккей), Владимир Ганус (байдарка мен каноэде есу), Павел Тамбовцев (футбол). 70-жылдарда - Николай Мартынов пен Иван Куницкий (байдарка мен каноэде есу), Владимир Вайсов пен Рафик Каримов (1974 жылғы әйгілі Гурьев-Орал жеңілатлетикалық жүгірісіне қатысушылар), Николай Петров (шайбалы хоккей). Ал осы балаларға спортқа деген сүйіспеншілігін дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі (1946-70 жылдары), Ұлы Отан соғысының ардагері Анатолий Сергеевич Плетнев оятты…  

Тауфиқ Каримов пен Болат Есекеновтің жеке мұрағаттарындағы материалдар бойынша

16 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.