Атырау, 27 қараша 18:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жүзеге аспайтын жобаға 300 миллион

2 293 просмотра

Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында биылғы жылдың бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесі талқыға салынды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсот ҒАЛЫМОВТЫҢ айтуынша, қаржыны үнемдеу есебінен ағымдағы жылдың бюджетін қысқартып, үнемделген қаржыларды 2015 жылға салуға болады екен. 2014 жылы қысқартылған шығындар 1 млрд 200 млн теңгені құраған. Жылу қазандығын сатып алудан 36,7 млн теңге, тағы 40 млн теңге – сумен қамту және электр желілерін  күрделі жөндеуден үнемделген. 40,9 млн теңге 10 пайызға өскен мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысына төленетін республикалық трансферттің өсуіне байланысты бюджетте қалып отыр. Ағаштарды суаруға арналған су құбыры жүйесінің жоқтығына байланысты қала мен қала маңын көгалдандыруға 300 млн теңгені бюджеттен бөлуді тоқтатуға тура келеді. Қалаішілік көлік жолдарының бір бөлігін күрделі жөндеу жұмыстары 2015 жылға ауыстырылуына байланысты осы мақсатқа бөлінген 471 млн теңгені де келер жылға салу жоспарланып отыр.

Бюджеттің шығыс бөлімі: қаладағы көлік жолдарын күрделі жөндеуді аяқтауға – 1,1 млрд теңгеден астам, жылу жүйесіндегі апат салдарын жоюға – 40 млн теңге, «Атырау Су Арнасы» жарғылық капиталын көбейтуге – 183 млн теңге, тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға – 78,4 млн теңге. Инженерлік-коммуникациялық жүйені құруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Қосымша осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 435 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.

15 млн теңгені Ұлы Отан соғысының Жеңісі мерейтойына орай «Еске алу қабырғасының» құрылысына бөлу жоспарланған. Қала мектептерінде бала санының көбеюіне байланысты ыстық тағамды ұйымдастыруға 44 млн теңге қосымша бөлінеді. Облыстық бюджеттен оқулықтарды қосымша сатып алуға 187,6 млн теңге және біліктілік көтеру курстарынан өткен мұғалімдердің жалақысын көтеруге 4 млн теңге мақсаттық трансферт бөлу жоспарланды.

Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ алдын ала түскен депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Серік СӘРСЕКЕНОВ жаңа бағдаршамдарды орнату кезінде жол жабынының бұзылатындығын атап өтті. Қала әкімінің айтуынша, жыл басынан бері Атырауда 13 жаңа бағдаршам орнатылған, оның 9-ы іске қосылыпты. Қарашаның аяғына дейін тағы 5 бағдаршамды орнату жоспарда бар. Содан кейін «АтырауИнжСтрой» осы жерлердегі жол учаскелеріне ретке келтіреді екен.

Депутаттардан КТҚ компаниясының есебінен жүргізіліп жатқан №6 балабақшаны жөндеу жұмыстарының созылып кеткендігі туралы тағы бір сұрақ түсті. Ғимараттағы электр жүйелерін ауыстыруға жобалау-сметалық құжаттама уақытында жасалмағандықтан, қиындықтар туындаған. Н.Ожаевтың айтуынша, қалалық бюджеттен осы мақсатқа 15 млн 600 мың теңге бөлінген, тендер жеңімпазы 17 қазанда белгілі болады. Бүкіл жұмыстарды 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 қазан 2014, 18:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.