Атырау, 27 қараша 18:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Кәсіпсіз қалған кәсіпкерлер

5 254 просмотра

Атырауға Байшонастан көшіп келген кәсіпкерлер үш жылдан бері бір кездері отбасын асырап келген бизнестері үшін өтемақы алуға қол жеткізе алмай келеді. Олар сот инстанцияларына да жүгініп көрген.

«БОЛАШАҒЫ ЖОҚДЕП ТАНЫЛСЫН»

Бұл жағдайдың тарихын естеріңізге салайық. 2011 жылдың қазанында Атырау облыстық әкімдігі торыққан тұрғындардан апат сигналы түскеннен кейін Байшонас босып кеткелі отыр»., «Адыра қалған Байшонас») Ескене мен Байшонас елді мекендерін бір кездері осы поселкелер төңірегіне салынған мұнай кенішінің сарқылуына байланысты экономикалық тұрғыда болашағы жоқ деп танып, тарату туралы қаулы қабылдаған болатын. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ қаржысы есебінен көшіру туралы әңгімелер Бергей РЫСҚАЛИЕВ облыс әкімі болып тұрған кезде басталған еді. Бағына қарай, 2011 жылы үкімет Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасын іске қосты. Ондағы «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» деп аталатын үшінші бағыт «ҚР азаматтарына экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шарасын» қарастырады.

2012 жылдың күзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Алик АЙДАРБАЕВ мұнайшылардан өңірдің әлеуметтік бағдарламаларына қаржы бөлу, соның ішінде Байшонас пен Ескененің 2,5 мың тұрғынын Атырау қаласына көшіруге 5,4 млрд теңге бөлу туралы меморандумға қол қойды. Процесс сол жылдың қарашасында басталды. Облыс орталығында қоныс аударушыларға арналған алғашқы үйдің кілті Атырауға сол кездегі ҚР мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ пен KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ сапарлап келген кезде тапсырылған болатын.

 

БҰЗЫЛҒАН УӘДЕ

Ал Байшонастан көшіп келгендердің ішінде 5 кәсіпкерлер отбасы – дүкендердің, кафе мен сауда кешендерінің қожайындары Атырауға қоныс аударғаннан кейін еш қаржысыз қалған еді. Ал, кейбірі әлі күнге дейін бір кездері Байшонастағы бизнестері үшін банктен алған несиелерін өтеуде.

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болатбек ЖӘКИЕВ пен Зульфина МҰХАМБЕТАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 2010 жылы олар Байшонастан алаңы 150 шаршы метр болатын дүкенді несиеге алып, азық-түлік сатқан. Шаруалары дөңгелеп кетпегенмен, қанағат тұтуға жеткілікті болатын. 2012 жылдың қарашасында қоныстандыру науқаны басталған кезде, ерлі-зайыптылардың айтуынша, облыстық әкімдік өкілдері қалдырылған бизнестің орнына мемлекет оларға ақшалай өтемақы төлейді немесе облыс орталығынан жер телімін береді деп уәде берген. Оның үстіне, 13.09.2011 жылы Мақат аудандық әкімдігі 09-01-03/1452 шығыс нөмірімен облыстық әкімдікке Байшонас поселкесіндегі коммерциялық жылжымайтын мүліктердің толық тізімін жолдаған.

Іс жүзінде ешқандай өтемақыны ақшалай да, заттай көрініспен де кәсіпкерлер әлі күнге дейін алмаған.

Бір кездері бизнесімізді дамыту үшін алған несиемізді жабу үшін бізге үлкен отбасымызға алған пәтеріміздің бірін сатуға тура келді. Қазір жұбайым жұмыссыз үйде отыр, ал мен вахталық әдіспен жасайтын жұмысқа орналастым, - деп әңгімелейді Болатбек.

Тағы бірнеше кәсіпкер: Гүлжайна ҚҰЛҒАЗИЕВА, Рысты СТЕПАНОВА, Гүлзада ЖОЛМАҒАНБЕТОВА және басқалар да осындай жағдайда қалған. Олардың меншігіндегі нысандардың құнын бағалаушы компаниялар 600 мың теңгеден 18 млн теңгеге дейін бағалаған. Рысты Степанованың бір кездері табысты болған бизнесі 18 миллионға бағаланған. Мүгедектігіне қарамастан, бұл әйел 2004 жылы несие алып, Байшонастан мейрамханасы, кафесі, азық-түлік пен құрылыс материалдарын сатқан екі дүкені бар кешен салыпты. Осы кешеннің үш бөлмесінде ол отбасымен тұрыпты. Қоныстандыру кезінде кәсіпкерлік нысаны емес, тұрғын үйлердің меншік иелері ғана есептелгендіктен, әйел отбасымен бірге далада қалып, бүгінгі күні табыс табуға мүмкіндіксіз Атырауда пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған.  

«Президент бизнеске мейлінше қолдау көрсету қажет деп айтып отырғанның өзінде осылай жасалып отыр», - деп атап өтеді Степанова өзінің сотқа берген шағымында.

Кәсіпкерлер әңгімелегендей, сот отырыстарында облыстық әкімдіктің өкілдері келеке еткендей, жер де, дүкендер де сол жерде қалды деп, оларға өз нысандарына қайта оралуды ұсынған.

Бірақ поселкеде ешкім тұрмайды ғой, ал, көшіп кеткеннен кейін біздің нысандарымызды тонап, талап кетті (суретте). Біз осыған қатысты АІІБ-ге әлденеше рет шағымдандық, - дейді торыққан кәсіпкерлер.

Бұдан басқа, облыстық мәслихаттың 17.04.2013 жылғы №130-V шешімімен және облыстық әкімдіктің 16.04.2013 жылғы №31396 қаулысымен Ескене мен Байшонас елді мекендері таратылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің заңгерлері білмеуі мүмкін емес.

Тағы бір қызықты жайт: облыстық қаржы басқармасы өзінің 14.03.2014 жылғы сотқа жазбаша берген жауабында меморандумға сәйкес «ҚМГ БӨ»-ден облыс бюджетіне 5,2 млрд теңге түскенін (жоғарыда аталғандай, 5,4 млрд емес – Л.С.), ал поселке тұрғындарын көшіруге 4 603,9 млн теңге жұмсалғанын хабарлаған. Ал, қалған соманың қайда кеткені түсініксіз (біз осы жөнінде облыстық әкімдікке сауал жолдадық).

 

ШЕТІ ЖОҚ ОҚИҒА

Жоғарыда аталған кәсіпкерлердің барлығы кезінде «Атамекен Одағы» ҚҰЭП-ке (қазіргі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау филиалы) өз мүдделерін қорғау үшін хабарласқан. Оның облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жіберген сұраныстарына тұрғын үй болып табылмайтын орынжай үшін өтемақы төлеу мәселесі «көрсетілген өтемақыны төлеуге құқықтық негіздемелердің болмауына байланысты» реттелген жоқ деп жауап келді. Осыдан кейін кәсіпкерлер сотқа шағымданды.

Ерлі-зайыпты Мұхамбеталиева мен Жәкиевтің мүддесін қорғап жүрген «Консул» ЖШС директоры Жұмажан ҮМБЕТЖАНОВТЫҢ айтуынша, 2014 жылғы 1 қазанда Атырау қалалық соты кәсіпкерлердің Байшонас ауылындағы дүкен үшін өтемақы ретінде «Атырау облысы әкімі аппараты» ММ-нен 1,8 млн теңге мөлшерінде өндіріп алу туралы талап-арыздарын қанағаттандырды. Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Құлғазиева мен Жолмағанбетованың мүдделерін ҰКП-ның Атырау филиалы қорғады. 8 қазанда бұл сот та кәсіпкердің пайдасына шешім шығарды.

Алайда кәсіпкерлер өтемақының, олардың пікірінше, мардымсыз сомасымен келіспейді. Бағалауды 2012 жылы облыстық әкімдіктің «өтінішімен» «AtyrauCITY» ЖШС жүргізді. Басында бағалау шығындары өтемақы сомасына қосылады делінген болатын, алайда, ақыр аяғында кәсіпкерлердің өздеріне төлеуге тура келді.

Қалай дегенмен де, облыстық әкімдік осы мардымсыз сомаға бола кері шағымданбайтын болар. Степанованың жағдайында да осылай болып еді: әкімдік кәсіпкерге 18 млн теңге өтемақы беру туралы сот шешімімен келіспей, оған кассациялық тәртіпте шағымданып, соманы 6 млн теңгеге дейін түсірген болатын. Бұл іс енді Жоғарғы сотта қаралып жатыр.

- Біз кәсіпкерлердің мәселелерін сотқа дейінгі тәртіпте шешейік деп облыстық әкімдікке бірнеше рет өтініш жасадық. Осы мәселені шешуге үлкен ықпал ете алатын облыс әкімінің жеке қабылдауына сұрандық. Алайда әкімдік әзірге тұшымды еш нәрсе ұсынған жоқ, - дейді ҰКП филиалы қызметкерлері.

Кәсіпкерлердің айтуынша, сотта әкімдік өкілдерінің бірі кәсіпкерлерге бастапқыда байшонастықтар көшіп келген үйлердің ірге қабаттарынан орынжай беру жоспарланғаны туралы мәлімдеген. Әкімдіктің бұл жоспардан неге айнып қалғаны белгісіз. Қазір барлық іргеқабаттар бос тұр және қоқысқа толған. Алайда, кәсіпкерлердің айтуынша, бұл орынжайлардың барлығының иелері бар, бүгінде олар әр шаршы метрін 90 мың теңгеден сатып жатыр.

- Біз небәрі бес кәсіпкерміз, әкімдік неге бізге кезінде осы орынжайларды бермеген? Бұл үйлердің барлығы біздің көшіп келуіміз үшін ҚМГ БӨ аударған қаржыға салынды емес пе? Немесе, бізбен Ескене ауылындағы жалғыз дүкен иесіне өтемақы ретінде бір бөлмелі пәтер бергендей неге есептеспейді? Біз өз бетімізше жұмыс жасап, отбасымызды асырап, салық төлеп отырдық, ешкімнен ештеңе сұраған жоқпыз. Ыстықта, балшықта және қысқы аязда Атыраудан ауыл тұрғындары үшін азық-түлік жеткіздік. Қайта, керісінше, әкімдік бізден көп балалы отбасыларға, жетімдерге көмектесіңдер деп ақша сұрап отыратын. Ал енді, міне, биліктің кесірінен бизнессіз қалып, жұмыссыз қол қусырып отырмыз. Президенттің кәсіпкерлікті қолдаңдар деген тапсырмасын орындаудың орнына әкімдік бес қазақстандықтың бизнесін толықтай жойып жіберді, - дейді кәсіпкерлер.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

16 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.