Атырау, 19 сәуір 05:44
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Байшонас босып кеткелі отыр

6 450 просмотра

Байшонас туралы «АЖ» («Адыра қалған Байшонас», «АЖ» №19, 12 мамыр 2011 жыл) бетінде материал жарық көргелі үш ай өтті. Алайда ашулы халық қоңыраулатқан соң тағы барғанбыз. Олар өздерінің мәселесі шешілмесе шеруге шығатындарын айтып отыр. 

АДАМДАРДЫҢ АШЫНУЫ БӨЛЕК БОЛДЫ

Жаздан бері Байшонасқа бөтен көлік келсе болды, кім екен деп елеңдейтінді шығарды. Ауылды бір айналып шығар-шықпаста артымыздан хабар жетті, бір топ халық мектепте күтіп отыр-мыс. Барсақ, шынымен де мектептің бір класына отыздан астам адам жиналып үлгерген. Олар өзімізді таныстырар-таныстырмастан бірден өкпелерін айтты.

- Неге келетініңізді айтпадыңыз? Бұдан да көп халық жиналар ма еді, - десті олар.

Ауылдың әлеуметтік жағдайлары тұралап біткен. Адамдардың зарын естісең жаның түршігеді. Ауылдың жай-жапсары бұрын да жазылғанымен, қазіргі жағдайлары тым қиындап кетіпті. Ашынған халық қоянның қысында үсіп өлеміз бе деп қорқады. Ауылдағы екі жылу орталығының бірі өткен жылы қақаған қыста істен шыққан. Бірнеше жылдан жөндеу көрмеген қазандар тесіліп, ал екінші жылу орталығы ілдалдаға жараған.

- Өткен жылы қыста көршімнің басында ауыр жағдай болды, араға екі күн салып кәрі шешесі қызымен қайтыс болды. Олар қыста суықтан өлді десе болады. Ешқандай жағдайлары жоқ еді. Ашығын айтқанда, ауылдың жай-күйі осыған дейін оңған емес. Осы жағдайды айтсақ, қолыңдағы бала, келінді тастап, Атырау мен Ақтаудағы балаларыңа бар дейді. Сонда жасым сексеннен асқанда көрген құқайым осы ма еді, - дейді байырғы мұнайшы Әлду ҚОСЖАНОВ ақсақал (суретте)

Тұрғындардың айтуынша, қыста қалыпты жылу болмағандықтан кейбір отбасылар (жас балалары барлар) Доссор мен Мақаттан туыстарын жағалап, болмаса сол жақтан уақытша пәтер жалдау арқылы қиындықтан шығып келеді. Тіпті ауылдағы «Балдырған» балабақшасы бірнеше жылдан бері қыста екі, үш айға жабылып қалып жүргенін меңгеруші Тұрсын ҚАПАҚОВА жасырған жоқ. Газ баллоны арман күйде қалған. Ауыз су да қалыпты емес. Электр жарығын көп пайдаланғандықтан трансформатор ілдалдаға жарап тұр. Сағаттан астам басқосуда байшонастықтар ауылдың көтерем күйге жеткенін, болашағының бұлдыр екенін тілге тиек етумен болды. Экологиялық жағдайы да тым ауыр. Қаптаған маса, Теңіз қалашығынан келетін сасық иістер, буланған сорлардан ауылдастардың арасында түрлі ауру көбейіп, ұйықтап жатып «кетіп» қалу кездесе бастаған. Жолдың жайсыздығынан қатынас тым қиын, басқасы басқа, Доссормен екі араға жетудің өзі арман. Доссорлық таксистер жолдың нашарлығын сылтауратып, салонға бес мың теңге сұрайтын көрінеді. Дәріхана  жоқ, аяғы ауыр әйелдер гинекологтың жоқтығынан Мақатқа баруға мәжбүр. Мектеп, балабақша күрделі жөндеуді қажет етіп тұрса да оған қаражат қарау ойдан шыққан. Балабақша 1937 жылы салынған. Бастауыш мектеп қиратылып тасталғаннан кейін бар оқушы қыстырып-қымтырылып үш аусыммен оқуға мәжбүр. Бұдан бөлек, тұрғындар ауылда клубтың, моншаның жоқтығын, көптеген тұрғын үйлердің апатты жағдайға жеткенін ашына жеткізді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, тазалық бетімен кеткен. Қоқыстардан аяқ алып жүре алмайсың. Қысқасы, ауылдың мешеу күйін жиналғандар осылайша мәлімдеді.

- Байшонастың мұнайы қажет болғанымен, адамдары қажет еместігін енді пайымдап жатырмыз. Ал биліктің құр уәдесі енді бізге керек емес, - дейді тұрғындар Балсұлу ИЗМАНОВА, Алдамжар ТАСМАҒАМБЕТОВ, Руслан ЕСЕНҒҰЛОВ, Сәуле БЕКЕШОВА. т. б.

БАЙШОНАС ЖӘНЕ АМЕРИКА

Мақат ауданы әкімі Ғ. Қайненов тұрғындар сөзімен келіспейтінін мәлімдеді. Аудан әкімі бұдан бір жеті бұрын «Ембімұнайгаз» ӨБ директоры Жұмабек ЖАМАУОВПЕН бірге ауылдың жағдайымен танысып, жасалып жатқан жұмыстарды  ертегідей қылып айтты. Бұдан бұрын демеушілікпен жылу орталықтарының қазандықтары ауысатынан жеткізген еді, енді бірақ ескісін жамап-жасқап жатқан болып шықты. Және жылу желілерінің сыртындағы орамдарды жергілікті тұрғындар «тонап» алғандықтан (әкімнің айтуынша) оны да мұнайшылар жасап беруге келісіпті.

- Биыл қайткенде де жылу болады, одан жұртшылық қорықпай ақ қойсын. Әңгіме төлемақыны тұрғындар төлемейді, 2009-2010 жылы Ескене мен Байшонастың жылу қазандығына 110 млн. теңгенің мұнайы жұмсалды. Енді бұл біздің мойнымыздағы қарыздар болып қалды, ол соманы мұнайшыларға соттан кейін төлейтін болып отырмыз. Суға тұрғындар 4 млн. теңгедей берешек. Оны қазанға дейін өтемейтін болса онда біз су беруді тоқтатамыз. Бұл жердің халқы төлем төлеуге үйренбеген, бәрін тегін алғысы келеді, - дейді Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ.

- Қазынаның 64 млн. теңгесіне алынған шетелдік жылу қазанының шатағымен қаржы полициясы айналысып жатыр деп едіңіз?

- Бұл құрылғы іске қосылмайды, жарты құрал-жабдығы әкелінбеген (?), қаржы полициясы қандай шара алғанын біле алмай отырмын.

- Ауылдың жағдайы қиын екен, қандай шара қолданбақсыз?

- Қоқыстардың жиналуы жергілікті әкімдіктің дұрыс жұмыс жасамағанынан болып отыр. Оқушылар үш аусымда оқиды дегені өтірік. Негізі елдің жағдайы әнебір сорлы күйге түскен жоқ, әр үйде бір мұнайшы, одан қалса бюджетте жұмыс жасайды және әр үйде шетелдік көлік. Халықтың ішінде мүсәпір күйге түскенін көрмедім. Жағдайлары жақсы, Америкаға барғанымда онда көшеде бичтер жатты. Дамыған елге қарағанда бізде жағдай жақсы ғой, - дейді Қайненов тағы да.

«НЕ КӨШЕМІЗ, НЕ ӨЛЕМІЗ»

Күйі кеткен тұрғындар ауылды көшірмесе болмайтынын қадап айтты. Байшонасты көшіру жөніндегі әңгімені биліктің өзі 2007 жылдан сөз ете бастаған. Басында АДЖИП экологиялық зиянды аймаққа 30 км. жер жатады деп есептеп, Ескене мен Байшонас көшіріледі дескен. Неге екені белгісіз, кейін аджиптіктер аймақ аумағын 23 км. кеміткен. Байшонас халқы газ жүргізуді қатаң талап ете бастағаннан кейін билік  АДЖИП-ке тапсырады. 37 км. Доссордан газ тартудың шығынын есептегендер шоршып түседі, өйткені оған млрд-таған қаржы керек екен. Газ сұрағандар жолдың жырын қоса жеткізген болатын. Осы екі мәселені шешудің өзі қомақты қаржыны керек ете бастағаннан кейін биліктегілер көшіру жайын қайтадан тілге тиек ете бастайды. Зейнеткер Ғабдуллин ТӨЛЕШ Президент сайлауы кезінде Байшонас көшеді деп биліктегілердің айтып, одан кейін бұл әңгіме сап тиылғанын жеткізді. 

- Біз тек бұл мәселелермен шектелмейтін едік. Ауылға аурухана, типтік мектеп, балабақша, мәдениет үйі және жетпіс, сексен жылдық тарихы бар үйлерді қиратып, жаңа баспана сұрайтын едік. Мамандардың айтуынша жол мен газ тартудың өзіне төрт-бес млрд. қаржы керек болса, оның үстіне басқаларды қосқанда көшірудің өзі түкке тұрмай қалатын еді. Жергілікті тұрғындар ауылдың проблемасын айтқанда биліктегілер Байшонас көшеді ғой дейді. Өткен жылы оныншы ақпанда облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВКЕ барып ауыл проблемасын жеткізгем, сонда Байшонас көшеді деген болатын, дейді аудандық Мәслихаттың депутаты Жандарбек ЕРМҰХАНОВ.

- Бірақ осы жазда Байшонас туралы сұрақ берілгенде облыс әкімі Байшонас көшсе ауданда халық саны азайып кетеді, сондықтан көшу жайы ойластырылатынын айтқан болатын.

- Естідім. Бұл бізге ауыр соққы болып тиді. Байшонасты көшірмесе сордың қақ ортасында сайда орналасқан ауыл қатты жаңбырда жоқ болып кетуі ғажап емес. Аудан әкімінің халық төлемақы төлемейді дегенінің себебі, олар жылу мен суды қалыпты бермегесін кейбірі төлемейтіні жасырын емес, қыста үйлердің жылуы +7 градустан асқан жоқ. Осыдан ақ жағдайдың қандай күйге жеткізгенін біле беріңіз. Ал біздің жазған хатымызға ешкім де жауап бермеуі қалай? Жуырда үш жүз адам қол қойған арызды тағы жолдадық, - дейді Ж. Ермұханов.

- Бізді тәжірибе ретінде ұстап отыр ма, кезінде Сарқамыста жағдай осылай болып еді, енді осы кейіпті біз киіп отырмыз. Қашанғы қақсаймыз. Қашанғы жылаймыз. Біз шаршадық. Енді жағдайды кімге айтамыз, елбасы Назарбаевтың мәлімдеуі басқа еді ғой, ал бізді ешкім тыңдағысы келмейді. Не көшейік, не өлейік, - дейді наразы болған жұртшылық.

Тарқаған көпшіліктің көңілінде түйткіл кетті. Аузы ашылмаған шиқанның қашан жарылатыны белгісіз еді... 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

11 тамыз 2011, 20:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.