Атырау, 27 қараша 18:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қала құрылысы кеңесі 8 жобаны қарап шықты

3 169 просмотра

14 қазанда қалалық әкімдікте қала құрылысы кеңесінің отырысы өтіп, онда 8 жоба қаралды.

ӘДЕТТЕГІ ҚАТЕЛІКТЕР

– Осы  жобалардың бір бөлігін біз бұрын қарап шығып, түзетуге жолдаған едік. Қала құрылысы кеңесінде біз орталықтағы және магистральды даңғылдар мен алаңдарда орналасқан қала үшін маңызды нысандарды қарастырамыз. Сондықтан жобаларды қалай әзірлеу керектігі жөнінде жалпы түсініктеріңіз болса деймін. Бас жоспарға нысанның, ғимараттың қасбеті, қабаттардың жоспарлары, абаттандыру, көгалдандыру, көлік қоятын жерлердің ахуалдық орналасу сызбасын енгізу керек, - деп атап өттіқалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Данияр БОЛАТОВ. – Тапсырыс берушілер мен жобалаушылардың әдеттегі қателіктері – бар жер телімін барынша пайдалануға тырысады. Нәтижесінде абаттандыру мен көгалдандыруға, көлік қоюға жер қалмайды. Бұдан басқа, қайтадан бекітуді қажет ететін телімдік алаңдарды көбейту немесе азайту, құжаттардың мерзімі өтуі секілді заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Жоспарға тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттарды орналастырғанда көбінесе нормативтік инсоляция (күн көзінің түсуі)қамтамасыз етілмейді, өртке қарсы нормалар, жол жиегінен ғимаратқа дейінгі қашықтық сақталмайды.

 

ДСК МЕН ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

ТШО-ның дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) жобасын ТШО-ның инфрақұрылым бағдарламалары жөніндегі менеджері Самуэль ГРОССМАН мен жобаныңжобалаушы инженері Бағлан ҚУАТБЕКОВ ұсынды. Ғимаратты Молдағұлова мен Құлманов көшелерінің қиылысына («Шлюмберже» кеңсесіне жақын маңда) салу жоспарланған. Оның дизайнын KAZGOR академиясы әзірлеген. ДСК-да ұзындығы 25 метр бассейн, футбол, баскетбол мен волейбол ойнауға арналған көп функционалды спорт залы, аэробика мен йогага арналған жеке студия, 50 адамға арналған жаттығу залы, сауна, киім шешетін бөлме болады. Ғимараттың жалпы алаңы - 4 мың шаршы метр.

«Форум-Атырау» компаниясы қаланың солтүстік-батыс бөлігінен, Әбілқайыр хан даңғылынан (әуежайға баратын жолда) жаңа ойын-сауық орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл жерде жалпы алаңы 52 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат бой көтермек. Кешенде мейрамханалар, фаст-фуд нүктелері, балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлар, жеке есігі бар гипермаркет орналаспақ. Ғимараттың жанында 1300 орындық көлік қоятын үлкен жер болады. Құрылыс кезеңінде 1200 адамды жұмысқа тарту жоспарланған, тағы 1000 шақты адам ол пайдалануға берілгеннен кейін кешенге жұмысқа орналаса алады. Екі жоба да бірауыздан мақұлданып, бекітілді.

 

ГҮЛ-ҒИМАРАТТЫҢ ҚЫРСЫҒЫ

«Эр-Ли» ЖШС гүл сататын дүкеннің қызықты жобасын әзірлепті. Биіктігі 10 метр болатын екі қабатты металл құрылымын гүл пішінінде тұрғызу жоспарланған.

Бұл бекіткіміз келіп отырған жетінші жоба, оны жеті рет сызбаға түсіріп, осындай ғажайыпқа дейін жеткіздік, тіпті оның құрылысын қалай салатынымызды білмеймін. Мұнда сіздің қабылдауыңызға кіру өте қиын. 1998 жылдан бері бизнеспен айналысып келемін, мұндай жиналысқа алғаш рет қатысып отырмын, - дейді қалалық құрылыс кеңесінің мүшелеріне тапсырыс беруші Бақыт АХМЕТОВА. – Бізде қалада гүл павильонын орнату үлкен қиындықтар тудырады. Менің бірнеше жобам бар, әрқайсысымен осылайша азапқа түсемін. Әлиев көшесінің бойынан бақ орталығын салғым келеді. Ол жобаны да үш рет қайта жасады, оны қала құрылысы кеңесіне әзірге жібермей отыр.

Қалалық құрылыс кеңесіне шығарылмас бұрын, жобалар мұқият қаралады, - десті кеңес мүшелері.

Бақыт Ахметованың бағына қарай, оның павильонын бекітіп, сырттай қарағанда жобаның өте қызықты екенін атап өтті. Сондай-ақ, Ерниязов көшесінің бойындағы «ҚМГ-Проект» ЖШС кеңсесінің құрылысы, Құлманов көшесі, 117 «а» мекен-жайы бойынша «Caspian Development» ЖШС-нің тұрғын үй кешені, Әбілқайыр хан даңғылы, 92 мекен-жайынан сауда орталығын салу жобалары бекітілді. Нұрсая ықшамауданындағы «Модерн Сити» тұрғын үй кешенінің жобасы – қабырға материалынан бастап, шатыр пішіні мен аумақты абаттандыру жоспарына дейін біршама ескертулер тудырды. Дегенмен де, тапсырыс беруші мен әзірлеушіден бүкіл ескертулерді ескеру туралы уәделерін алғаннан кейін, жобаны бекітті. Ал тапсырыс беруші «Восток» ЖШС-нің Абай көшесі, 23 «а» мекенжайынан әкімшілік ғимарат салу жобасын қала құрылысы кеңесі «шикілеу» деп танып, жөндеуге жіберді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА      

15 қазан 2014, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.