Атырау, 27 қараша 16:39
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Аи-92 дағдарысы әлі шешілер емес

1 509 просмотра

Облыс бойынша бензиннің жағдайы әлі оңалмай отыр. Демалыс күндері мен дүйсенбіде қаланың көптеген бензин құю бекеттерінде Аи-92 болған жоқ. Аи-95-ті де табу қиынға соқты. Кейбір жүргізушілер шарасыздықтан Аи-98 маркалы бензинге «көшті».

Алайда бұған қарамастан, Атырау облыстық ТКШ және энергетика басқармасы облыс бойынша ЖЖМ жағдайы тұрақты деп отыр. Осы ведомствоның басшысы Ақылбек БАЙШАХАНОВТЫҢ атына жазған сұранысты 11 қыркүйекте жібергенбіз, жауабын қазір алдық. Хатта келесідей мәліметтер берілген: «Бүгінде облыс бойынша ЖЖМ қоры жеткілікті, баға тұрақты. 19 қыркүйек күнгі жағдаймен жанар-жағар май қоры мынадай (маркілері бойынша): АИ-80 – 1 410 тонна, АИ-92 – 1 872,5 тонна, дизельдік отын – 2 120,3 тонна. Облыс бойынша орташа айлық ЖЖМ қажеттілігі: Аи-80 – екі мың тонна, Аи-92 – төрт мың тонна, дизельдік отын – тоғыз мың тонна. Энергетика және ТКШ басқармасы ұлттық экономика министрлігі бекіткен шектік бағаларды ұстап отыр, сондай-ақ министрлік бөлген (қай министрлік екені жазылмаған. Алайда, әңгіме энергетика министрлігі туралы шығар – С. Т.)ЖЖМ көлемдерін жеткізуді ұйымдастырады. Қазіргі уақытта ЖЖМ қажетті көлемін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда».

Энергетика және ТКШ басқармасының осындай қысқа да нұсқа жауабы осынша уақыт неге кешіккені түсініксіз. Алайда, біздің кейбір сауалдарымыз жауапсыз қалды. Мәселен, ЖЖМ көлемдерін квоталау бойынша үш жақты меморандум туралы – бұл құжат кімдердің арасында жасалды? Осы Меморандум бойынша ЖЖМ бөлу қалай жүзеге асады? Атырау облысы бойынша қанша трейдер (немесе көтерме сауда компаниялары) АМӨЗ-бен жұмыс жасайды және қандай талаптар қойылған?

Меморандум іс жүзінде жұмыс жасамай жатқаны және көптеген ЖҚБ-лар энергетика министрлігі бөлген ЖЖМ көлемдерін ала алмай отырғаны жөнінде жазған еді Күзгі дағдарыс», «Аи-92: 150-ді еңсермей, алқымнан қолды босатпас»). Мысал келтірсек, сейсенбіде, 23 қыркүйек күні біз бес «Гелиос» ЖҚБ-ны араладық. Барлық жерде Аи-92 талонмен беріліп жатты немесе мүлдем жоқ болды, ал Аи-95 бітіп жатыр екен, өйткені, қызметкерлердің айтуынша, 95-шіні күн сайынғы жеткізу көлемі лимиттелген екен. Бес «ҚМГ-Өнімдері» құю бекетінің үшеуінде Аи-95 жоқ болса, 92-ші барлығында бар екен.

 

Облысты сығылған газбен және ЖЖМ-мен қамтамасыз ету сияқты стратегиялық маңызды мәселелерді реттейтін Энергетика және ТКШ басқармасына БАҚ-пен жұмысты дұрыс жолға қоюын қалар едік. Проблемалар туындаған сәтте басқарма басшылығы қарамағындағылар арқылы ресми жазбаша сұраныс беріңіздер деп баспасөзге тікелей жауап беруден қашады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

23 қыркүйек 2014, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.