Атырау, 27 қараша 18:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Күзгі дағдарыс

3 390 просмотра

Бензин нарығындағы дағдарыс жалғасуда, ал көтерме сауда жасаушылар 92-ші бензиннің қазанға дейін болмайтындығын растауда. 92-нің тапшылығы салдарынан Аи-80-ге сұраныс күрт өсіп кетті. Оның көтерме бағасы бір литр үшін 67-ден 76 теңгеге дейін шарықтады. Ал АМӨЗ-дегілер мұнай өңдеу көлемін азайтпай, әдеттегі режиммен жұмыс істеуде. Ендеше облыста бензин неге қат болып тұр?

Тамыздың соңында біз «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ атына сауал жолдаған едік. Оның жауабын қазір ғана алдық.

Хатта жазылғандай, тамызда АМӨЗ-де 430 мың тонна  шикізат жоспарланып, іс жүзінде 437,8 мың тоннасы өңделген, яғни 2%-ға көп. Ағымдағы жылдың сегіз айы ішінде 3,3 млн тоннадай мұнай өңделген (жоспар 101 пайызға орындалған). Алайда, зауытта аз ғана болса да жоспардың асыра орындалуы бізге болжам болмайды. Өйткені біздің облысымыздың үлесіне дайын өнімдердің тек біраз бөлігі ғана тиеді:

«АМӨЗ-де өңделетін автобензиннің жалпы көлемінен Атырау облысына 2014 жылдың сегіз айында (пайыздық арақатынаспен) Аи-80 – 10%, Аи-92 – 41%, Аи-95 – 12%,  Аи-98 – 33% тиелді, - делінген АМӨЗ бас директоры Қ.Оразбаевтың жауабында. – «АМӨЗ» ЖШС қызметінің негізгі бағыты процессинг жағдайында мұнайды өңдеу болып табылатындығын, яғни, мұнай өңдеу қызметін көрсету екенін ескеріп, мұнай өнімдерін өткізу мәселесін мұнай жеткізушілер дербес шешеді».

Осылайша, бірінші тұжырым – біздің зауыттан алынатын бензиннің басым бөлігін мұнай трейдерлері облысымыздан тысқары жібереді. Зауыттың 8 айдың есебін беріп отырғанын ескерсек, қазіргі мұнай дағдарысына дейін осылай болған. Жанар-жағармай құю бекеттері қожайындарының айтуынша, Ачинск МӨЗ-де (Ресей) орын алған апат жағдайды қиындатып жіберген. Ол Ресей нарығында ЖЖМ тапшылығын туғызып, бұл тиісінше ҚР жеткізіліміне де әсерін тигізген.

Екінші бір маңызды фактор – бұл АМӨЗ-дегі мұнай өңдеу тереңдігі. Зауыт басшылығы газетімізге ұсынып отырған цифрлардан көрініп тұрғандай, шикізаттан алынған ашық түсті мұнай өнімдерінің көлемі өте аз.

Оразбаевтың айтуынша, қазіргі кезде орташа тәулік мұнай өңдеу 14,3 мың тоннаны құрайды. Тауарлық автобензиннің орташа тәулік өндірісі 1,7 мың тонна шамасында. Ағымдағы жылдың тамызында 51,6 мың тонна автобензин, ағымдағы жылдың 8 айында - 398 мың тонна тиелген (сол 8 ай ішінде 3,3 млн тонна шикізат өңделген).

«Автобензиннің жалпы көлемінен жоғарыоктанді бензинді тиеу үлесі тамыз айында 37,9% және 2014 жылдың 8 айы ішінде 43,2% құрады. 2014 жылғы автобензинді өндіру жоспары 504,9 мың тонна, - делінген АМӨЗ жауабында. – Дизель отыны бойынша зауыттың тәулік сайын 5000 тоннаға дейін тиеуге мүмкіндігі бар. Бос составтың берілуін шектеу мұны тежеу факторы болып табылады. Ағымдағы жылдың тамызында 136,881 мың тонна және 2014 жылдың 8 айында 899,822 мың тонна тиелді. 2014 жылғы дизель отынын өндіру жоспары 1 255,4 мың тонна.

Әлеуметтік маңыздағы мұнай өнімдеріне келер болсақ, 2014 жылдың 8 айы ішінде Атырау облысына автобензин мен дизель отынын орташа айлық тиеу: Аи-80 – 21 209,434 тонна; Аи-92 – 58 279,285 тонна; Аи-95 – 3 121,808 тонна; Аи-98 – 177,954 тонна; дизель отыны – 296 234,338 тоннаны құрады».

Жазып өткеніміздей, біздің зауытта шығарылатын автобензин сапасы ресейлік бензиннен қалыс қалады. Бұған бірнеше факторлар сеп болады. Олардың бірі – мұнай сапасы. АМӨЗ тұтқыр «парафинді» Маңғышлақ мұнайын өңдейді. Одан АМӨЗ 10% бензин мен 30% дизель отынын алады. Қалғандары – күңгірт мұнай өнімдері, негізінен мазут. Айтпақшы, мазут өте қажет өнім. Оның көп бөлігі экспортқа кетеді. Одан терең өңдеген кезде майдан бастап газойлға дейінгі өнімдердің алуан түрін алуға болады. Сондықтан Қытай бізден мазутты көп көлемде сатып алады.

2012 жылы басталған АМӨЗ-ді жаңарту жұмыстарын, Оразбаевтың айтуынша, 2016 жылы аяқтау жоспарлануда. Бізге уәде етілгендей, сол кезде елдегі бензин нарығындағы ахуал жақсарады екен. Алайда көліктер санының жыл сайын көбейіп бара жатқанын ұмытпаған жөн. Сондықтан үш зауыт жаңартылғаннан кейін елдегі ЖЖМ сұранысының жабылуы неғайбыл. Сондықтан тағы бір МӨЗ-ді салу күн тәртібінен түспейтін секілді.

Ал әзірге жанармай құю бекеттерінің қожайындары бензин дағдарысын ұлттық ауқымдағы проблема деп атап отыр. Дағдарыс кезінде тіпті әкімдікпен, трейдерлермен және жанармай құю бекеттерімен жасалған меморандум да жұмыс істемейді. Трейдерлер облыс әкімдігі бекіткен жанармай бекеттеріне арналған квоталау көлемін ұсынудан бас тартып отыр:

- Әкімдіктің үлестіргеніне қарамастан, операторлар ресурстар жоқ деп желеуретіп, бізге ЖЖМ көлемін ұсынудан бас тартып отыр, - дейді ЖЖМ бекеттерінің бірінің қожайыны. – Сондықтан облыста бензинге қатысты проблема қалып отыр. Мен өзім көтерме сауда жасаушылардан 92-ні бір теңгесін 125 теңгеден сатып аламын, тіпті 128-ден де алған едім. Басқа не істейсің? Бізге клиенттерді ұстап қалу керек, содан соң бізде қызмет көрсетілетін компаниялар алдында міндеттемелер бар.

- Бұл ресейлік бензин бе?

- Жоқ, біздің, АМӨЗ-ден. Жеткізушілер сатады.

Қандай жеткізушілер екенін сұхбаттасушым айта алмады, немесе айтқысы келмеді. Қалай болғанда да, отын дағдарысынан әлдебіреу жақсы олжа тауып жатқанға ұқсайды.

…Бензиннің өзіндік құны, атап айтқанда Аи-92 ішкі нарықта, сарапшылардың айтуынша, 112 теңгені құрайды. Әрі қарай трейдерлер үстеме ақы қосады. АМӨЗ-ден жанармай бекетіне бензин жеткізу үшін келесі шығындар кіреді: зауыттан мұнай базасына (резервуарлар) дейін теміржол қызметі үшін тасымалдау төлемі, соғыс ісіне бейімделген күзет қызметі үшін төлем, резервуарларды жалға алу, сақтау және құю/төгу және мұнай базасынан (резервуарлардан) жанармай бекетіне дейінгі көлік шығындары.

Сәуле  ТАСБОЛАТОВА

10 қыркүйек 2014, 12:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.