Трансформаторлық стансада екі қолынан айырылған баланың анасына «Атырау Жарық» АҚ моралдық зиян үшін бір миллион теңге және Германияда күрделі операция жасату үшін тағы он миллион теңге төлейтін болды.
Естеріңізге салсақ, бұл қайғылы оқиға көктемде қала маңындағы Құрсай поселкесінде орын алған еді. 10 жасар Әділет ҚҰРМАНҒАЛИЕВ ойнап жүріп, ашық тұрған трансформаторлық стансаның аумағына кіріп кетіп, оны 35 мың вольтты электр кернеуі соққан болатын. Ол ауыр күйде облыстық балалар ауруханасына түседі. Баланың өмірін аман алып қалғанмен, қолдарын кесіп тастауға тура келді. «Атырау Жарық» бейбіт келісімге келіп, ұсынылған чектер мен есепшоттарға сәйкес шығындарды өтеуді ұсынады. Алайда баланың отбасы бұған келіспеді.
Сот ісі төрт айға созылды. Прокурорлық тексеру жұмыстары дәл сол күні қырсық шалған будканың қақпасы ашық болғанын, қосалқы станса дуалында құлып пен басқа жапқыш құрылғылар жоқ екендігін, ал есіктің алюминий сыммен бекітілгенін дәлелдеді. Нәтижесінде сот кәсіпорынды протез алуға 9,9 млн теңге төлеуге, республикалық ортопедиялық орталыққа баруға жұмсалған 200 мыңдай теңгені, сондай-ақ,1 миллион теңге мөлшерінде моралдық зиянды өтеуге міндеттеді.
Шілде айында біз травматологиялық ауруханада жатқан анасы Жаңылсын ҚҰСПАНОВА мен оның ұлына барған едік. Сол кезде бала бөлімше дәлізінің бойымен мүгедектер арбасында бір қызды сырғанатып, басқа балалармен бірге ойнап жүрген. Анасы баласының сыңғырлаған күлкісін естіп жымиып қойды. Бірақ көзіндегі қамыққан мұңды көріп, оны сұрақтармен мазаламауды жөн көрген едік. Бүгінде ол анағұрлым сенімді көрінді: сотта жеңіске жетті, бірақ қазір босаңситын кез емес. Өйткені алда жаңа сынақтар күтіп тұр – жол жүру, кеңестер алу, шетелге протезге тапсырыс беру және күрделі оталар жасату керек.
- Сот шешімі заңды күшіне енген кезде біз де ақшамызды ала аламыз. Содан соң бірден құжаттар мен билеттерді рәсімдеуге кірісеміз, - дейді Жаңылсын. – Германияда бізді дәрігерлер күтіп отыр. Олар баланың өсуіне қарай протезді әрбір екі жыл сайын ауыстырып отыруға тура келетінін айтады.
…Бұл сынақ ұлымның бойынан мен байқамаған мінездерін ашып көрсетті, - деді ұзақ үнсіздіктен соң ол. – Мен ұлым жасып, тұйықталып қала ма деп қорыққан едім. Бірақ ол өзін нағыз ерлерше ұстады. Өмірінде қиындықтар болатынын білемін. Оған қазірдің өзінде қиын болып жүр. Мұны көріп те, сезіп те жүрмін. Мектепке бармады, сабақты үйден оқиды... Сол күннен бастап бәрі де өзгерді ғой. Бірақ ол шамам жетеді деп уәде беріп отыр. Оның жеңіп шығатынына сенімдімін.
Анастасия ПАСТУХОВА
Сурет Құрманғалиевтар отбасының мұрағатынан алынды