Атырау, 27 қараша 15:43
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ұялы байланыс алаяқтары, кабель ұрлығы және Қазсат-3 спутнигі туралы

3 134 просмотра

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәжіліс залында облыстағы байланыс қызметі компаниялары өкілдері қатысуымен өткен дөңгелек үстелде тұтынушылардың телекоммуникациялық қызмет саласындағы өзекті мәселелері талқыға салынды.

Департамент директорының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, тұтынушылардың көпшілігі желі бойындағы кемшіліктерге, байланыстың үзіліп кететіндігіне, ғаламтордағы үзілістер және ең маңыздысы, алаяқтардың шабуылына тап болатындықтарына шағымданады. Әсіресе, ұялы операторларды қолданушылардың түрлі жарнамалар мен ұтыстарға, атап айтқанда, «ақшалай ұтысқа ие болдыңыз», «бауырыңыз қиын жағдайда», т.б. дегендерге сеніп қалулары. Бұл жерде зардап шегетіндер – зейнеткерлер, жастар мен балалар. Бұндай жағдайда асығыс шешім қабылдамай, алдымен жақындарыңызбен ақылдасып, сөйлесіп алу керек, әйтпесе, алаяқтың құрбанына айналып қалуларыңыз әбден мүмкін. Ал, телефондары бұзылып, істен шығып жатқан кездерде немесе байланыс операторының қызмет көрсету пакетіндегі өзгерістер (тарифтар, бонустар) орын алған жағдайда хабарласатындарға оператордың кеңес беру қызметімен сөйлесу немесе кепілдік бойынша қызмет көрсету орындарына баруға кеңес беріледі.

«Қазақтелеком» АҚ Атырау филиалының директоры Ерсайын ДҮЙСЕМАЛИЕВ байланысшылардың жұмысына кедергі басты проблемаларды атады:

- Біздің жұмысымызға, көбінесе, кабельдерді ұрлау фактілері кедергі болып тұр. Біз әрдайым құқыққорғау органдарына арызбен шығамыз, ұрыларды ұстаймыз, бірақ компания шығыны өтеле бермейді. Биылғы жылдың өзінде кабель ұрлаудың 30 фактісі тіркелді, шығын 6 млн теңгеден асады. Мұндай ұрлықтың көбеюіне негізгі себеп – түсті металл қабылдайтын бекеттердің қаптап кетуі. Бұл мәселені шешу үшін лицензия беруді қайта іске қосу керек, айына, мүмкін, бірнеше айда бір рет металл қабылдау бекеттеріне тексеру жүргізуді ұйымдастыру қажет.

Сонымен қатар, үйлер мен көшелердің атаулары мен нөмірлері, шағын аудандардың атаулары болмайтындығын байланыс саласындағы қиын мәселелердің бірі деп атады. Уақытында мекенжайды тауып бармаған компания қызметкерлеріне тұтынушылардан шағым түседі.

- Және, ең бастысы, дебиторлық қарыздарды өтеу барысындағы қиындықтар. Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, тұрғындар байланыс қызметі үшін 600 млн теңге қарыздар екен. Облыста барлығы 159 мың абонент бар. Біздер ақысын төлемеген тұрғындардың байланысын бірден ажыратып тастамаймыз, алдымен бірнеше рет ескерту жасаймыз, төлем жүргізілмесе, 2-3 айдан кейін байланыстан ажыратамыз. Осы мәселенің шешімін табу үшін келесі жылдан бастап алдын ала төлем жүйесіне көшуді жоспарлап отырмыз, - дейді Е.Дүйсемалиев.

Директордың айтуынша, қазіргі кезде қала аумағындағы байланыс желілерін мыстан оптикалық-талшықты желіге көшіру жұмыстары жүруде. Оптикалық-талшықты желі арқылы байланыс жылдамдығы арта түседі және олар ылғалдан қорықпайды. Атырау және Құлсары қалаларындағы көп қабатты тұрғын үйлердің осы желімен қамтуды осы жылда аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап аудандарға және жеке секторға орнату жұмыстары күтілуде.

Ал, «Қазтелерадио» АҚ директоры Дархан ХҰСЫНОВ облыстың 95 пайызын сандық эфирге көшіру жоспарланып отырғанын жеткізді. Енді қала мен одан 70 шақырымға қашықтыққа дейінгі елді мекендер сандық телевизияны қолдана алады. Қазіргі кезде Отау ТВ спутниктік телеарнасының 53 мың абоненті бар екен. Жақында ғана орбитаға ұшырылған Казсат-3 спутнигі жұмыс істей бастаған соң облыстағы спутниктік қабылдағыштар соған қосылады. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

16 қыркүйек 2014, 12:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.