Атырау, 27 қараша 15:23
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Теңіздің тамағы бітеліп қалған

3 827 просмотра

Атыраудың балық аулау артельдері Зарослый өзегіндегі судың таяздығынан өз кемелерін Жайық өзенінен теңіздің Вестово-Камынино қолтығына шығара алмай отыр. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясында хабарланды.

Бұл балықшылардың күзгі балық аулау маусымына шыға алмауына, сәйкесінше, отбасыларының қыста азықсыз қалуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Балық аулау маусымы Жайық және Қиғаш өзендерінде 16 тамызда, Каспий теңізінде 1 қыркүйекте басталған. Теңізде, Жайық өзеніндегі 11, Қиғаш өзені арналарындағы 7 ау тартымында 20 балық аулау артельдері балық аулаумен айналысады.

Биыл балықшылар балық жақсы болады деген үмітпен ауланған балықтар үшін салынатын салықтың бір бөлігіне алдын ала төлем жасап қойған: теңізде – жылдық лимиттің  55,9%-ын, Жайық өзені бойынша - 40,9%, Қиғаш өзені бойынша - 56,4%. Қиғаш балықшыларының жағдайы жаман емес. Олар көктемде лимиттің 46,1%-ын орындаған және күзде қалған балық аулау жоспарын (2014 жылы Қиғаш өзені бойынша балық аулау лимиті 4 387 тонна, Жайықта – 6 224 тоннаны құрайды) толық жабуға үміттенеді. Алайда Жайық балықшылары Құрманғазы ауданындағы әріптестерінің бұл жетістіктерін қайталай алмаймыз деп қауіптенуде.

Өзін атамауды қалаған Дамбы ауылы балықшысының айтуынша, судың бірнеше жылдан бері таяз болуынан Жайық өзеніне балық аз кіреді. Оған қоса, соңғы күндері шығыстан соққан жел үдеп, өзен суын теңізге айдап, жыралар одан сайын таяздана түскен.

- Қазір теңізде су тартылмастан бұрын шығып үлгерген немесе жағалауда қостары бар балық аулау артельдерінің балықшылары ау салып жатыр, - дейді теңізге шыға алмай қол қусырып отырған балықшы.

Алайда Жайық-Каспий бассейні облысаралық су шаруашылығы инспекциясында Жайық өзенінің қазіргі жағдайын апатты деп санамайды. Атырау қаласы шегіндегі өзеннің су деңгейі 254 сантиметрді құрайды. Салыстыра айтсақ, 1994 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде 298 см, 2009 жылы 252 см, 2010 жылы 213 см, 2011 жылы 216 см, 2013 жылы 229 см болған.

- Ресейліктер Жайық өзенін бөгеуді арттырып жатқан жоқ. Олар жыл сайын Ириклинск ГРЭС-і агрегаттарын суытуға бір жарым миллиард куб су алады және сондай суды жібереді. Сонымен қатар, Жайыққа Орынбор қаласының кәріздік қалдық суларын тазалағаннан кейін осындай үлкен көлемде су жібереді (бұл қалада ауыз су жер асты көздерінен алынады). Атырау қаласы аумағындағы өзен суының деңгейі желдің бағытымен өзгеретін теңіз суына байланысты. Кемелер теңізге шығу үшін Жайық сағасын тереңдету керек, - деп мәлімдеді инспекция басшысы Бисен ҚУАНОВ.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

16 қыркүйек 2014, 12:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.