Атырау технологиялық мұнай және газ колледжінде туындаған жанжалға нүкте қойылды. Наразы болған педагогтардың басым бөлігі оқу орнынан кетіп қалды. Ал, директор бұрынғы орнында қалды.
5 қыркүйекте колледжге облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН, облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ пен оның орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ келді.
Облыс әкімінің орынбасары колледждің Атыраудағы көне оқу орындарының бірі екенін атап өтті. Әрине, қажетті мұнай өнеркәсібінің кадрларын дайындайтын ұжым ішіндегі жанжал жұртшылық пен облыс басшылығын алаңдатпай қоймайды («Келісе алмады»).
- Бекболат ИХСАНОВТЫ директор лауазымына тағайындаған кезде оны бір айдан соң немесе жарты жылдан кейін жұмыстан шығару мақсаты қойылған жоқ. Оның үстіне, басшылық оның колледж имиджін көтеретіндігіне, студент алатын білім беру сапасын арттыратындығына, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсететіндігіне үміттенді. Сіздерге қиын жағдайда жұмыс істеуге тура келеді, ғимарат өте ескі, материалдық-техникалық базаны жақсарту керек. Бәлкім, сіздерде оқу процесін жақсарту, қажетті жабдықтарды сатып алу жөнінде ұсыныстар бар шығар. Өтініш жазыңыздар, мен оны қолдаймын. Осы күннен бастап мен колледж жұмысына жетекшілік ететін боламын, - деді Шыңғыс Мұқан. Содан соң педагогтардан ұжымда туындаған жанжалға қатысты өз пікірлерін білдіруді өтінді.
- Директор топтардан жөндеу-ге қаржы талап ететіндігі туралы ата-аналардың арызында баяндалған фактілер шындыққа сай келмейді. Басшылық жұмысына наразы болғандар алдыңғы директордың тұсында келген қызметкерлер. Бәлкім, билік үшін күрес шығар, - деп мәлімдеді директордың орынбасары Асылбек ӘБІЛОВ.
- Бізде талантты шеберлер, педагогтар көп. Бізге бір-бірімізді құрметтеген жөн. Жаңа жабдық – жақсы ғой, бірақ жабдық – бұл бар болғаны темір ғана. Оны ауыстыра салуға болады. Алайда, адамдармен жұмыс жасау керек. Біздің директор ұжымды біріктіруге тырысуда. Бізге тыныш жұмыс жасауға мүмкіндік беріңіздерші, - деп қолдады оны мұғалімдер.
- Біздің колледж бұған дейін училище болды, тіпті, соғыс кезінде де кадрлар дайындады. Біз жұмысшылар дайындаймыз және өндірістік оқытуға баса назар аударылуы тиіс. Жалпы білім беретін пәндер - жалпы білім береді. Егер студент мектепте оқымаса, онда бұл жерде де оқымайды. Біздің міндетіміз – оны кәсіптік дағдыларға үйрету. Өндірісте одан геометрияны немесе Пушкинді сұрамайды. Оның жабдықты тануына, онымен жұмыс жасай алу қабілетіне қарайды. Сондықтан материалдық-техникалық базаны нығайтуға күш салған дұрыс. Жақсы база болса – ұрыс-керіс, түсінбестіктер болмайды. Сонымен қатар, колледждің спорттық базасын да жақсартып, ең болмағанда, балалар үшін спорт алаңын салу керек. Соңғы кездері бізде ер адамдар қатары - өндіріс шеберлері мен педагогтар көбейді. Бұл да студенттерді оқытуда жағымды жайт болады деп ойлаймын, - дейді сеніммен дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Юрий ПУПЫКИН.
Сөз алған басқалар да жанжалдың – бірнеше адамның түсінбестігінен туындаған жаңсақтық қана деген ойларын айтты. Бірнеше күн бұрын директорға қарсы шыққан педагогтардың ешқайсысы жиналыста болмады. Бір мұғалім – Айнұр ҚҰСАЙЫНОВАДАН басқасы. Ол қарама-қайшы пікір білдірді.
- Прокуратураға жолдаған арызға 20-дан астам мұғалім қол қойды. Олардың бір бөлігі қысыммен кетіп қалды, қалғандарының келісімшарт мерзімі бітті, олармен, әрине, келісімшартты ұзартып жатпады. Қалғандарын директор қорқытып, жақ ашпауға мәжбүр етіп қойды. Қараша айында менің де келісімшарт мерзімім аяқталады, сонда мен қайда кетемін? Мен - жалғызбасты анамын, баламның жалғыз асыраушысы өзіммін. Директор қазір бүкіл жұрттың көзінше менімен келісімшартты ұзартатынын немесе жұмыстан шығаратынын айтсын. Келіспейтіндерден тек мен және Бақыт ЖҮНІСОВА қалды. Ол қазір ауырып жатыр. Бізге, тіпті алда болатын жиналыс туралы хабарлаған да жоқ. Мен бұл туралы кездейсоқ білдім, - деп әсерлене сөйледі оқытушы.
- Егер мен директордың орнында болсам және менің жұмысыма біреулер кедергілер келтірсе, мен оны жұмыстан шығарар едім. Егер сіз директордың нұсқауын орындасаңыз, өзіңізді ұжыммен тату ұстасаңыз, жұмыстан шығу туралы әңгіме де қозғалмас еді. Ешкім директорды жұмыстан шығармайды, ол осы жерде әрі қарай да жұмыс істей береді. Кімге басшылық ұнамаса, жұмысынан шығып, өзіне жаңа жұмыс орнын іздей алады. Осымен әңгімемізді доғарайық, - деп жауап берді директордың орнына Шыңғыс Мұқан.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор