Оқу жылы енді ғана басталды, ал Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінің ұжымында жанжал күшейді.
2 қыркүйекте колледж ғимаратының алдына оқу орны директорының орынбасары Бақыт ЖҮНІСОВА бастаған оқытушылар тобы жиналды. Оның айтуынша, ұжымға жаңа директор Бекболат ИХСАНОВ келген бойда проблема басталған. Үстіміздегі жылдың наурызында оқытушылардың басым бөлігі (34-тің 21-і) облыстық прокуратураға хат жазған. Олар Б.Ихсановтың тарапынан студенттерден заңсыз ақша жиналғандығына шағымданған. Сонымен қатар, ол біліктілігі лауазымдарына сәйкес келмейтін мамандарды жұмысқа алған(«Мен бәрін жазып алдым...»). БАҚ өкілдері Ихсанов мырзадан комментарий алуға тырысқандарымен, ол баспасөзбен байланысудан мүлдем бас тартып, журналистердің колледжге келуін заңсыз деп атап, өз кабинетінен жедел шығып кетті.
Жанжалдың мәнісі туралы Бақыт Жүнісова әңгімелейді:
- Біз хат жазғаннан кейін директор мені және тағы бір орынбасарды орнымыздан босатты. Біз прокуратураға, еңбек инспекциясына және сотқа жүгіндік, бізді өз орындарымызға қайта алу туралы шешім шығарылды. Бірақ сот шешіміне қарамастан бізді жұмысқа жібермей, сот орындаушыларына жүгінуге тура келді. Іс жүзінде қазір де бізден бүкіл өкілеттікті алып қойды. Менің орныма сабақтар кестесін директорға жақын жүрген адамдар жасайды. Мәселен, ИВС-15 тобына арналған кесте бар, ал топтың өзі әзірге жоқ, оған бала жиналмаған. Жаңа басшылыққа қарсы шыққан оқытушылардың бір бөлігі қысымға шыдай алмай кетіп қалды. Олар жақсы қызметкерлер болатын, оларды басқа колледждер қуана-қуана жұмысқа қабылдады. Басқалардың еңбек келісімшарттарының мерзімдері аяқталып қалды, біреулерінікі бүгін болса, енді бірінікі кейінірек. Менің олардың жұмыстарына қояр талабым жоқ, мен олармен жасалған келісімшартты қуана ұзартар едім, бірақ директор басқаша шешті. Біз олардың орнына жақсы кадрларды қайдан табамыз, студенттерді кім оқытады? Менің қолымда оқытушылар тізімі жоқ, кадрлар бөлімінің бастығы маған оны беруден бас тартып отыр. Мен тіпті педагогикалық құрамның тізімімен таныс емеспін, студенттер мен мұғалімдердің нақты саны қанша екенін атай алмаймын.
Биылғы жылдың наурызынан бастап педагогтар облыстық прокуратураға, облыстық білім беру басқармасына жүгініп, облыс әкіміне, білім министріне, «Нұр Отан» партиясына хат жазған, алайда әзірге нәтиже жоқ.
- Жер-жерден құзыретті органдардың шаралар алатындығы туралы жауаптар келеді, алайда іс жүзінде ештеңе жасалып отырған жоқ, - деседі мұғалімдер.
Ықпалды шараны күтпестен колледжден 6 мұғалім кетіп қалған, тағы 7-уіне жұмыстан шығу қаупі төніп тұр. Білікті кадрлардың жоқтығы салдарынан өткен оқу жылында директор 3-курс студентін жұмысқа қабылдаған. Оның қызметі жоғары вольтты жұмыстармен байланысты болыпты. Тек облыстық білім беру басқармасының комиссиясы араласқаннан кейін ғана ол жұмыстан шеттетілді. Колледждегі оқуы аяқталған соң ол қайтадан жұмысқа қабылданды.
Оқытушылар баспасөзбен сөйлесіп тұрған кезде колледж қарауылы есікті кілттеп жауып тастады. Ал сәл кейінірек ғимаратқа прокуратура мен әкімшілік полицияның өкілдері келді. Колледж қызметкерлерінің прокуратура өкілі Айбек ҚАНАТБЕКОВПЕН диалогы ақ өгіз туралы ертегіні еске түсірді. Ол оқытушыларға прокуратураға шағымдануға кеңес беріп, өз хаттарына жауап күту керектігін айтты. Педагогтар қадағалаушы органға әлденеше рет жүгінгендерін, бірақ одан нәтиже болмағанын, ұйғарымның орындалмай отырғанын айтты. Олардың соңғы шағымымен айналысқан қызметкер олардың телефон қоңырауларына жауап беруді мүлдем қойыпты. Ал ол болса, прокуратураға қайтадан тағы бір хат жазуға кеңес беруден танбады.
Комментарий алу үшін біз Атырау облыстық бас еңбек инспекторы Салауат ИШАЙҒА хабарластық.
- Алғашқы шағым бізге 29 шілдеде, екіншісі 1 тамызда түсті. Комиссия құрамына біз облыстық білім беру басқармасының маманын енгіздік. Педагогтармен кездесу кезінде жаңа сұрақтар пайда болды, олар жете тексеру жүргізуді өтінді. Сондықтан тексеру ұзаққа созылып кетті. Ол тек қыркүйектің ортасында ғана аяқталады. Ол аяқталғанша ешқандай комментарий бере алмаймын, -деп жауап берді ол.
- Бізге облыстық білім беру басқармасына колледж қызметкерлерінен шағым түскен жоқ. Жанжал туралы біз прокуратура органдарынан білдік. Ол жерге оқу орнының оқытушылары шағым жазған екен. Жанжал 2014 жылдың наурызында Бекболат Ихсанов уақытша директордың міндетін атқарушы болып тағайындалғаннан кейін шамамен бір апта өткен соң туындаған. Ұжымның бір бөлігі оны қабылдамаған. Бәлкім, оларға оның жұмыс жасау стилі мен әдістері ұнамаған болар. Прокуратураның және біздің тарапымыздан тексеру жүргізілді. Алайда колледжді жаңа оқу жылына дайындау қажет болды да, біз басшылықты ауыстырмадық. Бірақ жанжал басылар емес. Жаңа тексеруден кейін біз түбегейлі шешім қабылдауға әзірміз, - деп әңгімеледі облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ.
Қызметкерлерді жұмыстан шығаруға келер болсақ, еңбек инспекциясына сілтеген білім беру басқармасының пікірінше, ол әбден заңды екен. Өйткені, олардың еңбек келісімшарттарының мерзімі аяқталған. Оны ұзартпауға колледж басшылығы құқылы екен.
- Бұл жерде тек еңбек емес, жеке адамдар арасындағы жанжалдың орын алуы жағдайды қиындатып отыр. Тараптардың бір-біріне талаптары көбейген, бұл мәселені бейбіт жолмен реттеу мүмкін болмай отыр, -деді Мырзағалиев...
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсіргенҚанат ЕЛЕУОВ