Колледж директорының міндетін атқарушы Болатбек ИХСАНОВ (ортада) және наразы болған ұстаздар.Атырау мұнай және газ технологиялық колледжі директорының міндетін атқарушы мен ұстаздар ұжымы арасында жанжал туып отыр. 21 мұғалім (ұстаздар ұжымының 70 пайызы) облыстық прокуратураға шағым түсірген.
Олар директордың міндетін атқарушы Болатбек ИХСАНОВТЫ студенттерден заңсыз ақша жинатып, кәсіби біліктілігі лауазымына сай емес маман кадрларды жұмысқа қабылдап отыр деп айыптайды. Ал Б.Ихсановтың өзі прокуратураға шағым түскен күні ертесіне қос орынбасарын «мұғалімдерді үгіттеп жүрген сендер» деп жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойған. Бұдан бөлек, бірнеше студенттің ата-аналары колледж директорының м.а. Б.Ихсановтың өздерінен химия кабинетін жөндеуге ақылы көмек көрсетулерін сұрап, әр студенттен 3-4 мың теңгеден жинатқанына наразылықтарын білдіріп, облыстық білім беру басқармасына арызданған. Арыздардың көшірмелері облыстық прокуратураға да жолданған.
Болатбек Ихсанов колледж директорының міндетін атқарушы лауазымына осы жылдың 11 ақпанында тағайындалған.
-Жаңа басшы келгеннен бері колледжде тыныштық жоқ. Ол кісінің кабинетіне кірген адам жылап шығады. Өйткені ол бәрінен сағат, лауазымдық орын сұрайды. Бірде директор маған «ауырып қалған аға шеберінің орнына мектепті үздік бітірген, институтты қызыл дипломмен тәмамдаған кісі жіберем» деді. Бірақ, маған оның резюмесін де, бұйрығын да көрсеткен жоқ. Мен оның өз жұмысын білмейтіні туралы айтқанда, директор маған «сен кімсің, мен сенен ештеңе сұрамаймын» деп, мені кабинеттен шығарып жіберді. Оның сөзі диктофонда бар, мен бәрін жазып алдым. Бұл қадамға мен ашынғандықтан бардым, -колледж директоры міндетін атқарушының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзира ТҰРҒАМБАЕВА. Оның айтуынша, қазір колледжде321 студент оқиды.Соның 89-ы биыл оқу бітіреді. Ал кабинетті жөндеуге деп КИПиА-21тобында оқитын 2-курс студенттерінен ақша жиналған.
- Бізде студенттердің 70 пайызы аз қамтылған отбасыдан. Осыған дейін қақаған аязда сабаққа крассовкамен келіп жүрді. Олардың ата-анасы 3-4 мың теңгені қалай тауып береді? Мен директорға жазға дейін шыдайық, мүмкін оған ақша бөлінер деп айттым. Ол кісі түсінген жоқ. Міне, ең соңында ата-аналардан бізге арыз түсті. Ал мұғалімдер атынан прокуратураға арыз түскен күні ертесіне мені де екінші орынбасарымен бірге жұмыстан шығарып жіберді.
Болатбек Ихсановтың өзі қандай да бір комментарий беруден бас тартты.
Прокуратура түскен арыз-шағымдарда жазылған заңсыздық әрекеттерді анықтауды облыстық білім беру басқармасына және облыстық еңбек қорғау инспекциясы басқармасына тапсырды. Қазіргі жағдайда тексеру жүргізілуде. Жақында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ колледжге екі жақтың уәжін тыңдауға келген болатын. Сол кездесуден кейін ол бізге телефон арқылы тексеру жалғасып жатқанын және оның қорытындысы екі аптадан соң белгілі болатынын хабарлады.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ